389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісуда 700 кәсіпорын жұмыс істейді

  • 587
  • UPD: 15:11, 29.12.2017

Соңғы 5 жылда Алматы облысында жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 443 жобаны жүзеге асыру межеленіп отыр.

Бұл қосымша 23 мың жұмыс орны ашылады деген сөз. Кейінгі 15 жылда өңірдің өндірістік әлеуеті 70 есеге артқан. Индустрияландыру жоспары ауқымды істермен жалғасып жатқан аймақтың алға қойып отырған мақсаттары айқын, міндеттері биік.

Алматы облысында соңғы 15 жылда 2,2 триллион теңгенің өнімдері шығарылыпты. Бір кездері бұл көрсеткіш 150 миллиард теңгеден аспайтын. Сондықтан мұны мемлекеттік бағдарламалардың жемісі деуге толық негіз бар. Осы уақыт аралығында 200-дей жаңа өнім түрлері игерілген. Аймақта фармацевтика, металлургия, тамақтандыру саласының дамуы қарқынды. Қазір өнеркәсіп саласының өзінде 700-ден аса кәсіпорын жұмыс істесе, оларда 30 мың адам еңбек етеді.

Александр Скоропацкий, коммерциялық компанияның бас директоры:

- Алматы облысында жұмыс істеу, құрылыс салу, тіпті жаңа бизнес ашу өте ыңғайлы. Мәселенің барлығы тез шешіледі. Ықыласыңыз болса жеткілікті, барлық жағдай жасалған. Тек еңбек ету керек.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 600 миллиард теңгеден асты. Қант қызылшасын егу жандана бастады. Отандық инвесторлардың 15 миллиард теңге инвестициясы 10 жыл бойы тоқтап тұрған Ақсу қант зауытын қайтадан іске қосуға ықпал етті. Мұнда биыл 330 мың тонна қант қызылшасы өңделді. Жетісудың 40-тан астам кәсіпорны бүгінде өз өнімдерін әлемнің 46 мемлекетіне саудалап отыр. Таяуда ірі қара мен уақ малдың еттерін өңдейтін бірнеше кәсіпорынның тұсауы кесіледі. Облыста индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 300 миллиард теңгеге жуық 60 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 8 мың адам жұмысқа орналасты. Биыл тағы 5 жоба бойынша межеленген жұмыстың бәрі аяқталды. Олардың жалпы құны 25 миллиард теңгеге жуық.

Алимжан Тохтасунов, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы:

- Үкімет әрбір кәсіпкердің жағдайын жасап жатыр. Үлкен зауыттарға, индустриалды аймақтарға біз электр желісін, су құбырын, басқа да инфрақұрылымдарды жасап жатырмыз. Сондықтан зауыт салынған кезде кәсіпкер болсын, инвестор болсын, ол зауыттың шығыны азаяды, басқа шығын ол мемлекеттің қаражатына жасалып жатыр.

Шекаралық аймақ болғандықтан мұнда көршіліс Қытай Халық Республикасымен экономикалық байланыстар тереңдеп келеді. «ҚорғасШығыс қақпасы» экономикалық аймағы іске қосылды. Келешекте ол жерде 70 кәсіпорын жұмыс істейді. Су, жел және күн энергетикасы дамуда. Туризм саласының болашағы қуантады. Биылдың өзінде Жетісудың кереметтерін көзбен көрген туристердің қатары 1,5 миллион адамнан асты. Ал оның тең жартысы атақты Алакөлде тынығып қайтты. 

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы