387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда ұлттық нақыштағы жаңа жағажай салынады

  • 542
  • UPD: 10:10, 30.12.2017

Келер жылы Ақтаудағы жағажай жаңа кейіпке еніп, қала ажарлана түспек.

Теңіз жағалауын кеңейту және ұзарту жұмыстары жүргізіліп, аумағы 14 гектарға ұлғаяды.

Қарт Каспийдің жағалауы – қала тұрғындары мен қонақтарының басты демалыс орны. Мұнда жыл бойы адам қарасы үзілмейді. Жазда суға түсіп, күнге қыздырынса, қыста айдынға қонған аққуларды тамашалайды. Теңіздің таза ауасымен тыныстайды. Молдағали Омаров күнде таңертең жағалауды бойлай жүгіріп, серуендеуді әдетке айналдырған. 80 жастағы атай осыдан 10 жыл бұрын шаңы шығып жататын жағалаудың бүгінде заман талабына сай көркейгенін айтады.

Молдағали Омаров, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Мен осы қалада тұрып жатқаныма ширек ғасыр болды. Сол уақытпен қазіргі уақыттың айырмашылығы аспан мен жердей. Қазіргі қайталанбас сұлулық – ол бүгінгі күннің белгісі. Бірақ қала бұдан да жақсы болғанын қалаймыз. Өйткені бұл қала – тұрғындардың демалатын жері, қонақтардың көретін жері. Біздің қаламыз Қазақстанда теңіздің жағасында тұрған жалғыз қала болғандықтан, сұлу болғанын қалаймыз.

Жағалауды абаттандыру жұмыстары осыдан 6 жыл бұрын басталған. Алғашында 3 гектар жерге топырақ пен тас төселіп, үсті бетонмен жабылды. Классикалық үлгіде жасалған жағалауға көше шамдары орнатылып, 70-тен астам орындық қойылды. Ал келер жылдан бастап теңіз жағалауы 14 гектарға ұлғайып, жаңа жағажай салынады. Жоба құны – 1 миллиард теңге.

Маңғыстау Қойшығұлов, Ақтау қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

– Жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Эскиздік жобасы бекіді. 2018 жылдың бірінші тоқсанында жобамыз дайын болады. Қаражат бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

Жаңа жағажай ұлттық нақышта әрленбек. Тастан қаланатын отырғыштар мен сәулетті мүсіндер су сіңбейтін материалдармен қапталады. Балаларға арналған ойын алаңдары мен көше тренажерлары қойылады. Бір сөзбен айтқанда, отбасымен таза ауада демалуға барынша жағдай жасалмақ. Ал жастар жағы асық ату және домбыра пати сияқты мәдени-спорттық шараларды өткізуді көздеп отыр.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы