386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тілшілеріміздің материалдары көптеген мәселенің шешімін табуына сеп болды

  • 678
  • UPD: 14:05, 31.12.2017

Әр елдің мемлекеттік құрылымында аймақтардың алатын орны ерекше.

АҚШ-ты штаттарынсыз, Ресейді губернияларынсыз, Түркияны иллерінсіз елестету әсте қиын болар. Біздің де төрт құбыламызды түгендеп тұрған 14 облысымыз бар. Ал өтіп бара жатқан тауық жылында өңірлерде қандай елеулі оқиғалар болды?

Дамир Берікұлы, Көкшетаудағы тілші:

– 2017 жыл Ақмола облысындағы тілшілер үшін де қызығы мен шыжығы қатар жүрген табысты жыл болды. Қақаған қаңтардың аязында ескірген қазандықтарды түгендеп, жылусыз отырған Гранитный ауылын эфирден көрсеттік. Оқиға орнына облыс басшылығы барып, біздің сюжеттен кейін көне қазандықты жаңарту жөнінде шешім шығарылды. Осылайша биыл қыстың алғашқы айында елді мекенге су жаңа жылу қазандығы орнатылды. Ал көктемде табиғат апатына тап болған атбасарлықтармен бірге болдық. Су тасқыны жайлы сол жерден жедел ақпарат таратып, жергілікті халыққа демеу болуға тырыстық. Түсірілім барысында таспагеріміз Евгений Шинкаренко өзі суға құлап бара жатса да, бейнекамераны аман алып қалғаны әлі есімізде. Ақмола облысы аграрлы аймақ болғандықтан, рекордтық көлемдегі астық жиналды, жүздеген кооператив құрылды, ет өңдеу зауыттары салынды. Осының бәрімен дер кезінде сүйіншілеп отырдық. Айта берсек, осындай елді елең еткізер жаңалықтарымыз көп-ақ.

Ардақ Асылханұлы, Қарағанды облысындағы тілші:

– Қарағандылықтар үшін тауық жылы талай қызықтарға, оқиғаларға толы болды. Мәселен, екі арнаның төрт тілшісі бір жыл ішінде түрлі тақырыпты қамтитын 1200-ге жуық сюжет дайындапты. Әсіресе Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта атқарылған жұмыстарды көрерменге жан-жақты жеткізуге тырыстық. Ол үшін тәулік бойы дала кезген күндеріміз де болды. Айталық, Ұлытау ауданындағы Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін түсіру барысында бір күнде 1300 шақырым жер жүріп өттік. Әрі ол тақтайдай тасжол емес, ой-шұңқыры көп дала жолы. Алған тамағымыз таусылып қалып, айдалада жуа теріп, сонымен жүрек жалғадық. Қаншама әлеуметтік нысандардың, зауыт-фабрикалардың ашылғанын сүйіншілеп, ең алғаш халыққа жеткіздік. Төтенше жағдайлар да болды. Шахтинскіде қазандық жарылып, бірнеше адам қаза тапты. Көктемде бірнеше үйді су шайып кетті. Осы оқиғалардың ешбірін де назардан тыс қалдырмай, дер кезінде хабарлап отырдық. Кез келген тілші жасаған әрбір сюжетінің нәтижесін көргісі келеді. Ондай жағдайлар бізде де көп болды. Мәселен, күзде жеңілдетілген жанар-жағармайды ала алмай отырған диқандардың жанайқайын жариялап, сюжет жасаған болатынбыз. Бір күннен кейін ол мәселе шешіліп, жанармай дереу жеткізілді. Шаруалар бірінен соң бірі қоңырау шалып, алғыстарын айтып жатты. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Алдағы жылы да осы қалпымыздан таймай, аймағымызда болып жатқан жаңалықтарды ел құлағына ең бірінші болып жеткізуге тырысамыз.

Руслан Бақытбекұлы, Тараздағы тілші:

Ал біздің Жамбылдағы тілшілер қосыны Жаңа жылды толайым табыспен қарсы алып отыр. Осы шағын ұжым бір жылда бір мыңнан аса ақпараттық материал әзірледік. Өңірдегі жетістіктерді, қордаланған мәселелерді де қозғадық. Ауызсу мәселесінің оң шешімін табуына ықпал жасалды. 25 жылдан бері тіршілік нәрінен тарығып келген тараздық тұрғындар сапалы сумен қамтылып, арнамызға үлкен алғысын жеткізді. Одан бөлек шаһар шетіндегі жарты ғасыр жөндеу көрмеген №50 көпқабатты үйдің құрылысы қарқын алуына сюжетіміз сеп болды. Техника тілін тапқан мақтаулы мамандарымыз ерледі. Көлік жүргізуші Елнар Байділдә түсірілім тобын тасымалдауда өз рекордын жаңартты. Бізді алыс пен жақынға аман-есен жеткізіп, 40 мың шақырымды еңсеріпті. Инженерлер орталықтан 600 шақырым жердегі Мойынқұм жерінен тікелей қосылымға шығып, Индустрияландыру телекөпіріне өндіріс басынан хабар жеткізді. Тілшілер қауымы көптің алғысын, басшылықтың марапаттарына да ие болдық. Келер жылға жақсы үмітпен қараймыз.

Нұрбек Байбосын, Шымкенттегі тілші:

«Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа», – дейді атам қазақ. Өтіп бара жатқан тауық жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосыны үшін қарқынды болды. Олай деп айтуға да себеп бар, әрине. Мәселен, еңбекқор өңірдің жаңалығын жеткізген тілшілер жыл бойына «Хабар», «Хабар 24» арнасы арқылы 2000 мыңға жуық ақпарат таратқан. Облыстағы екі аудан Төлеби мен Ордабасының қордаланған таза ауызсу мәселесін қозғап, халықтың алғысын алған жайымыз бар. Елбасының қатысумен ашылған өңірдегі бірнеше нысанды біздің инженерлер жылжымалы телестанция арқылы тікелей қосылымға шығарып, Индустрияландыру телекөпірінде өндіріс басынан хабар жеткізді. Жыл жемісі ретінде айтсақ, биыл облыста 6553 пәтер ел игілігіне берілді. Қаншама жас отбасылар баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Бұл бір ғана құрылыс саласындағы толағай табыс.

 

Ал есік қағып тұрған ит жылынан күтер үміт мол. Себебі итті ата-бабамыз жеті қазынаның біріне балайды. Сондықтан да келе жатқан Жаңа жыл барша отбасыға құт берекесімен келсін. Мереке құтты болсын ағайын!

Хабар 24 телеарнасы