385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда Жаңа жыл қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

  • 529
  • UPD: 20:51, 31.12.2017

Ұлыбритания астанасында Жаңа жыл қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Кейбір полицейлер формасыз қарапайым жүргіншілердің кейіпінде жүріп, жасырын бақылау жүргізеді.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

- 2017 жыл Біріккен Корольдік үшін қауіпсіздік тұрғысында өте ауыр кезең ретінде есте қалды. Тек Лондонның өзінде 4 лаңкестік оқиға болып, ондаған жан өмірмен қоштасты. Аузы күйген соң барынша сақтыққа көшкен Скотланд Ярд қалалықтар мен қонақтарды қорғаудың амал-әрекетін жасап жатыр.  

Уестминстер көпірінде жай күндері халық ығы-жығы, ал мерекеде тіпті көп. Британдықтардан бөлек мұнда әлемнің әр түкпірінен туристер ағылып жатыр. Өткенде ғана саяхатшылар лаңкестердің нысанасына айналғанымен, оқыс оқиғалар келушілердің санына кері әсер еткен емес. Керісінше, Брекситтің кесірінен жергілікті валюта - стерлинг фунтының әлсіреуі туризмнің кең етек жаюына себепші болды. Біріккен Корольдіктің басты символы - Биг Беннің маңында форма киген полицейлерді сирек кездестіргеніңізбен олар қарапайым жүргіншілердің кейпінде жасырын жүр.  

Ник Алдорз, Лондон полициясының өкілі:

- Адамдардың өмірін сақтап қалуға тиімді амал іздеу, қорғау режимі, арнайы форма кимеген полицейлер ғана көмектеспейді. Жасырын дүниелеріміз де қала өмірін қауіпсіз ете түседі. 

Дегенмен, бір кемшін тұсы - мереке күндері жұмыс істейтін тәртіп сақшыларының саны биыл аздау. Ұлыбритания ішкі істер министрлігі полиция штаты кемігені соншалық бұл соңғы 30 жылдағы  ең төменгі көрсеткіш екенін алға тартады. Алайда Жаңа жылды «Тұманды Альбионда» қарсы алу үшін  арнайы ат басын бұрған туристер бұған аса алаңдап жүрген жоқ. Олар жөндеу жұмыстарына байланысты жарты жылдай сыңғыр қақпай қалған Биг-Бен қоңырауларының үніне  құлақ түрумен әлек.

БЛИЦ

Жігіт: 

- Біз өмірдің жаңа парағын ашып жатырмыз және барлығы жақсы болса екен деп тілейміз. 

Әйел: 

- Мен келер жыл бақыт, қуаныш, денсаулық пен жақсылыққа толы жыл болса деп тілеймін. Ең маңыздысы - бейбітшілік.

Британдықтар отбасылық мереке ретінде Рождествоға көбірек көңіл бөледі. Ал 31 қаңтарда қала орталығына шығып, мерекелік отшашуларды тамсана тамашалайды. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы