386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанадағы көктайғақтан 100-ден аса адам зардап шеккен

  • 1080
  • UPD: 22:27, 04.01.2018

Көктайғақта тайып құлап, мертіккендер көбейді.

Астанада санаулы күннің ішінде 100-ден аса адам ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, кейбірінің жарақаты тіптен ауыр. Жұртшылық бұған коммуналдық саланы кінәлайды.

Тұрғындардың коммуналдық шаруашылыққа айтар уәжі бар. Қаланың орталығы тазаланғанымен, шет аудандар көктайғақ. Небәрі 5 күннің ішінде №1 қалалық ауруханаға түрлі жарақатпен 180-ге жуық адам қаралған. Соның 60 пайызы мен сияқты көшеде тайып жығылғандар.

Бұл Ернар Жақыпбеков есімді жігіт. Көктайғақтың машақатын тартқан азаматтың бірі. Қазір аяғы ісіп кеткен. Жұмысқа асығам деп, оқыста мертіккен Ернардың аяғына дәрігерлер гипс салып берді.

Ернар Жақыпбеков, қала тұрғыны:

– Бүгін таңертең жұмысқа бара жатқам таңатпай, көктайғаққа шалынып, аяғымды жарақаттап алдым. Жедел жәрдеммен жеткізілдім осында.

Қазір ақ халаттылардың жұмысы қауырт. Травматология бөлімшесіне түскендердің қатары азаймай тұр. Әсіресе өткен демалыс күндері мертіккендердің қарасы көп.

Алексей Солод, Астана қалалық №1 аурухананың травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Бізге келіп жатқандардың дені – көшеде құлағандар. Мереке күндері көктайғақ салдарынан ауруханаға 100-ден артық адам келді. Көбінің жарақаты ауыр.

Бұқараның базынасын жеткізбек үшін әкімшілікке бардық. Нөмірі бірінші аурухана орналасқан Алматы ауданында қар тазалау жұмысына 850 жұмысшы мен 400-ге жуық техника жұмылдырылған. Бұл ретте әкімдіктегілер аула мен жаяу жүргінші жолы әрдайым тазаланады дейді.

Мақсат Саматұлы, Алматы аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:

– Көшелерден жалпы қарды полигонға шығару жұмыстарын аяқтадық. Бүгінгі күні біз жаяу адамдар жүретін жолды тазалап жатырмыз. Көшелердің қиылысындағы жерлерді тазалап жатырмыз. Техника да жеткілікті. Адам да жеткілікті.

«Қар тазалау жұмыстарымен қатар жаяу жүргінші жолдарына құм төселсе», – дейді тұрғындар. Қош. Көктайғақтан әлі де құтылмайтын түріміз бар. Ауа райын болжаушылар таяу уақытта аяздың беті қайтып, күн жылынады дейді. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерзат Зайытхан, Жандос Битабаров 

Хабар 24 телеарнасы