387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрлан Нығматулин өндірістерге жасалған жеңілдіктер туралы баяндады

  • 552
  • UPD: 19:38, 05.01.2018

Елімізде жыл сайын жүздеген заң мен норма қабылданады.

Алайда құжатты қабылдау бар да, оны халыққа түсіндіру бар. Бұл ретте Мемлекет басшысы үшінші сессияның ашылуы барысында қос палата депутаттарына халықпен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Жылдың алғашқы аптасында-ақ депутаттар аймақтарға аттанды. Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақмола облысына ат басын тіреді. Палата спикері өңірдегі өндіріс орындарын аралап, жұмысшылармен кездесті.

Арқада жер жетпейді Бурабайға. Тұмса табиғатымен талайды тәнті еткен Бурабайдан бөлек бүгінде Ақмола облысы аграрлық аймақтардың алды. Ақмоланың айраны мен қаймағы бүгінде кез келген қазақстандықтың дастарханындағы дәмге айналды. Аймақтағы аграрлық алыптардың бірі – индустриалды-технологиялық паркі.

Бүгінде Көкшетауда 19 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі – осы зауыт, ел диқандарының қолын ұзартты. Былтыр мұнда 500 ауыл шаруашылығы техникасы шығарылса, биыл оны 2000 жеткізу жоспары тұр.

Отандық үлесі арттыру. Кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «қазақстандық үлестің» басым болмағын қадап айтты. Бұл мүмкін дейді мұндағылар. Себебі мемлекеттің қолдауын сезініп отыр. Аграрлық несие корпорациясы бұл кәсіпорынға 746 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен.

Тоқтар Сағиев, кәсіпорын операторы:

- Біздің кәсіпорын еліміздегі ең ірі кәсіпорын болып саналады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында көптеген іс-шаралар, қызметтер іске асып жатыр. Қазақстанда жасалған таза отандық өнімдер шығарылып жатыр.

Ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты тірегі. Сондықтан мемлекет бұл саладан қаржысын аяп жатқан жоқ. Аймақтағы орталық соның дәлелі. Ғимараты жайлы, заманға сай құрылғылармен жабдықталған, ең бастысы, білікті мамандар жұмыс істейді. Мәжіліс төрағасымен кездесуге келген ақхалаттылардың өз айтары бар.

Нұрилә Кенжетаева, дәрігер: 

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының арқасында біздің облысымыза жаңа медициналық технологиялар енгізілді. Ол технологиялар кардиохирургия, кардиоинтервенция, нейрохирургия және ортопедия салаларында жүзеге асырылады. Біздің облыс тұрғындары осы қызметтерді тегін алады.

Спикердің өңірге сапары «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнында жалғасты. Ұжыммен әңгімелескен Мәжіліс төрағасы «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» секілді мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін мейлінше түсіндірді. Сондай-ақ спикер өнімін экспорттайтын өндірістерге жасалған жеңілдіктер туралы баяндап берді. «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорны өз өнімін сыртқа шығарып отырған отандық кәсіпорындардың бірі. 100 пайыз қазақстандық өнім. Мұнда жылына 120 млн бөтелке су өндіріледі. Кәсіпорында 14 жыл табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Алма Ералина еңбегінің еш кетпегеніне риза.

Алма Ералина, зауыт операторы:

- Біздің су – табиғи таза су. Сұраныс көп, соның арқасында осы компанияда осынша жыл жұмыс істеп келе жатырмын. Жұмыс өзіме ұнайды.

Әлеуметтік қамту, баспана және инфрақұрылым. Аймақ тұрғындарын көп толғандыратын мәселелердің легі осы үш мәселеге қатысты. Мәжіліс төрағасымен тілдесу мүмкіндігін аймақ тұрғындары қалт жіберген жоқ.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгін біз Ақмола облысында ауыл халқымен әрі әртүрлі сала мамандарымен кездесіп, көптеген сұрақтарды талқыладық. Әсіресе Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдымызға қойған мақсаттар мен міндеттеріне баса көңіл бөлінді. Көптеген ұсыныстар, көптеген пікірлер, соның ішінде проблемалар да айтылды. Олардың барлығы алдағы заң шығарылатын жұмысымызда ескерілетін болады.

Депутатты халық сайлайды. Сондықтан олар билік пен халық арасындағы көпір болуы керек. Мұны Президенттің өзі жиі айтады. Осы күндері қос палата депутаттары аймақтарды аралап жүр. Олардың жұмыс сапары 12 қаңтарға дейін жалғасады. Астанаға жиналған соң, аймақтағы ағайынның бүгінгі тілектері Мәжіліс мінберінен айтылып та қалар. 

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жомар Елеуов, Асқар Әбілдаев, Айбол Тұяқпай

Хабар 24 телеарнасы