386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында құмай тазының саны азайып барады

  • 1418
  • UPD: 10:01, 06.01.2018

Ақтөбелік азамат иттердің қазақы тұқымын баптап жүр.

Айтуынша, қазір қашқан аңды жібермейтін нағыз тазы некен-саяқ. Көбісі өзге тұқымдармен шатысып, таза түр-тұрпатынан айырылған. Сондықтан ит жақсысын баптап, санын көбейтуді мақсат қылған. Ер жігіттің жүйрік аты – қанаты, қыран бүркіт — қуаты. Ал құмай тазы абыройын асырар сенімді серігі болған. Жеті қазынаның бірі бүгінде өзге тұқымдармен шатысып, таза түр-тұрпатынан арыла бастаған. Соңғы кездері ит ертіп, аңға шығатын саятшылар ағылшындық «фоксхаунд» тұқымына қосуды әдетке айналдырыпты. Бұл тазылардың бұлшық етін ұлғайтып, қайратын көбейту үшін жасалған айла көрінеді.

Қуандық Қарақұлов:

– Тазы басқа иттерге қарағанда, ерекше болып келеді. Аңға шығуға арналған иттер ғой. Тырнағы майысып келеді. Мысықтың тырнағына ұқсас болады.

Қашқан аңды тапжылтпай ұстайтын тазылар орташа бойлы, жүні тықыр, құйрығы жинақы келеді. Салпаң құлағының ұшын шашақты жүн басқан. Басқа аңшы иттерге қарағанда, ақылдырақ әрі иіс алғыш. Иесіне шын берілген мақұлықтың достығына шүбә келтіруге болмайды. Бүгінде Ақтөбе облысында нағыз қазақи құмай тазының 40-қа жуығы ғана бар. Олардың санын арттыруды қолға алған Талғат Ермағамбетов күшіктерін кез келген адамға бермейтінін айтады.

Талғат Ермағамбетов:

– Тазының тұқымын 5-6 жыл ішінде ақырын қалпына келтіріп жатырмыз. Біздің міндетіміз – төбеттерді көбейту.

Қазір Талғат Ермағамбетовтың қолында 3 тазы бар. Оның бірі Жұлдыз есімді құмай 2015 жылы республикалық байқаудан бас жүлдені алған.

Қазақы төбетті де мал бағуға баптап отыр. Қазақтың нағыз төбеті ірі денелі, бұлшық еті мығым келеді. Бұл иттер қорғаған үйге екінің бірі кіргенімен, ұрылардың кейін қарай шығуы нейғабыл. Сондықтан ықылым заманнан бері бір ауылды бір төбеттің өзі қорғаған.

Желкесі күжірейген, кеудесі қарыс қазақтың төбе итін түрікменнің алабайымен шатастырып жүретіндер көп. Бірақ сол алабайдан басты айырмашылығы қазақы төбеттер қабаған емес. Балалармен қарияларға да қастығы жоқ, бауырмал келеді. Бабын тауып, басқара білсе, мал бағатын таптырмас бақташының өзі болмақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы