384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстануына мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалуда

  • 467
  • UPD: 18:48, 09.01.2018

Спортты серік етуге тек ынта мен ерік-жігер болса жеткілікті.

Оның үстіне Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін елімізде спортпен шұғылданатын халық санын 30 пайызға жеткіу қажеттігін айтып, тапсырма берген болатын. Бұл мақсат бүгінде жүзеге асып келеді. Мәселен, Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде 2011 жылы 7 велокоманда құрылса, бүгінде бұл көрсеткіш 10-ға жетіпті.

Жамбыл Зейнолла, тілші:

– Сәулетімен тамсандыратын керемет кешендердің бірі – «Сарыарқа» республикалық велотрегі. 2011 жылы жетінші қысқы Азия ойындарына арнайы тұрғызылған спорт кешені әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдап келеді. Бұл ғимараттың ерекшелігі сол, пішіні велошабандоздың шлеміне ұқсатып жасалған. Тоғыз мың көрермен сияды. Ендеше әлемдік спорт кешендерінің ішіндегі үздіктердің қатарында.

Спорт кешеніндегі велосипед жолын бөле-жара атап өту керек. Трек Сібір балқарағайынан жасалған. Оны төсемес бұрын 2 жыл бойы арнайы камерада сақтап, химиялық қоспамен өңдейді. Ең жоғарғы еңіс нүктесі 42 градусқа тең. Мұнда кәсіби спортшылардан бөлек, спортсүйер қауым үшін де есік ашық. Олар аптасына бірнеше мәрте жиналады. Солардың бірі Сүлеймен Көшкімбаев. Велосипедті 10 жылдан бері серік етіп келеді.

Сүлеймен Кошқымбаев, велошабандоз:

– Велосүйер қауым үшін жасалған жақсы мүмкіндік. Бұл – әлемдегі үздік кешендердің бірі. Астанада веломаусым қысқа екенін ескерсек, велотректі қолдану бізге жасалған қамқорлық деп қабылдау керек.

Кәсіби спортшыларға да қамқорлық жасалған. Жаттығу залы мен орталық алаңнан бөлек, мейрамхана мен қонақүйге дейін бар. Бұл – спортшылардың қысы-жазы дайындалуына жағдай жасалғандығының белгісі. Айтпақшы мұнда орналасқан олимпиадаға даярлау орталығы спортшыларды 10 бағыт бойынша баулиды. Соның ішінде трек-спринт, маунтинбайк сияқты түрлері бар. Жалпы елімізде велоспортпен кәсіби түрде 120 адам айналысады. Жаттығу велотректің өзінде өтеді. Айтпақшы кешенде спорттың өзге де түрлері бойынша болашақ чемпиондар дайындалады.

Динара Әубәкірова, велосипед спортынан олимпиадаға даярлау орталығының қызметкері:

– Мәнерлеп сырғанауға 4 жастан, таэквондо – 6, футбол мен жүзуге 7 жастан қабылданады. Велосипед спортына 14 жастан деп белгіледік. Өйткені тректе жаттығу біз ойлағандай оңай емес. Бұл өмірге қауіпті және күрделі спорт түрі саналады.

Велотрек бірқатар республикалық және халықаралық жарыс өткізді. Соның ішінде бірыңғай ВТБ лигасы, велоспорт пен ауыр атлетика бойынша Азия чемпионаттары, тректегі велоспорттан әлем кубогінің кезеңі, Дзюдо гран-приі, көркем гимнастикадан «Жұлдыз Кап» халықаралық турнирін атауға болады.

Авторлары: Жамбыл Зейнолла, Лариса Гречихина, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы