384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңірінде ауыл тұрғындары қатты желден газ бен жарықсыз қалды

  • 802
  • UPD: 20:39, 11.01.2018

Қызылордада қатты жел тұрып, қала маңындағы Талсуат елді мекені табиғи газ бен жарықсыз қалды.

Қазіргі уақытта апат салдары толық қалпына келтірілді. Синоптиктердің мәліметі бойынша кеше түнде дүлей желдің екпіні секундына 20-28 метрге жеткен. Бұл аздай кеше кешке Сыр елінде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласқан болатын. Облыстың басқа аудандарынан көгілдір отын және жарықтың берілуінде іркіліс болғаны жөнінде ақпарат түскен жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, Қызылорда-Жезқазған бағытындағы күре жол жабық. Ал әуежай қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Ұшақтар қатынасында еш кедергі жоқ.

Жұлдызай Боқанова, Талсуат ауылының тұрғыны:

– Тоңдық-тоңдық түнде бала-шаға бар үйде, кемпір бар. Түнде телефон соқтық, болмағасын таңертең қоңырау шалдық. Сосын келіп қосты. Жылда 2,3 реттен сөніп тұрады газ. Кішкене дауыл, жел болса, ауылдың жарығы сөніп қалады. Тұрғанымызға 20 жыл болды.

Базарбек Ерімбетов, газ тарату мекемесінің өкілі: 

– Газсыз қалды дегенде газ реттегіш пункт шеткі абоненттерге газ қысымы жетіңкіремей қалады. Өйткені газ қысымы реттегіштен төмендеу болып кеткен. Ауа райының суытуына байланысты абоненттердің газ қолдану мөлшері көбейіп кетті. Бірақ ол тоқтап қалды деген сөз емес. Оған біздің апатты бригада техникалық қызметтермен қосылып, дер кезінде ретке келтіріп, сағат 10-да газ қысымын реттеп, толыққанды газбен қамтамасыз етілді.

Хабар 24 телеарнасы