369.54 425.20 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық шаруалар күннен қуат алатын қондырғылар орната бастады

  • 572
  • UPD: 21:54, 13.01.2018

Қостанай облысында жиырма жылдан астам уақыт жарықсыз отырған фермерлер жаппай күннен қуат алатын қондырғылар орнатуға көшті.

Баламалы энергияның шалғай мекендерге жетуіне Астанадағы ЕХРО көрмесін тамашалап қайтқан балалар түрткі болған.

Амангелді ауданына қарасты Смайыл қонысы төрт-түлік мал өсіруге аса қолайлы. Суы, шабындығы іргесінде. Азамат Сарин осы мекенде шаруашылық ұстап, отбасын асырап отыр. Үш ай бұрын ол, ЕХРО-ны көріп келген інісі Серікболсынның ақылымен күннен қуат алатын қондырғы орнатты. Қазір шығыны шаш етектен бейнетті күндер ұмытылған. 

Азамат Сарин, шаруа:

- Бұрындары моторды жағу керек, қыстыгүні үйге жылытасың, оны қыздырудың өзі машақат, мотор кейде сынып та қалады, қазір мынаны орнатқаннан бері жақсы болды, алыста отырғандықтан қоғамда болып жатқан оқиғалардың бәрін біліп отыруымыз керек.

Күн сәулесінен алынған тегін тоқ – бір үйдің қажетіне толығымен жетеді. Баламалы қуат тұрмысты жеңілдетті.  

Алданыш Иманқұлова, зейнеткер:

- Жарық келіп жақсы болды, сүтімізді тартамыз, кірімізді жуамыз. Рахатын көріп отырмыз, теледидарымызды көреміз, күн-түн демейміз, бұрын шамға май құйып бейнеттеніп жүретін едік, қазір оның бәрі қалды. Қаладағы адамдармен теңбіз. 

Мұқан түбегі қыстауындағы бағандардың сымы қиылғанына 22 жылдан асқан. Содан бері электр тоғы жалғанған емес. Шаруашылық басшысы Боранбай Қойшыманұлы көршілерінен көріп, тиімділігіне көзі жеткен соң, өткен күзде қондырғыны сатып алды. Себебі өз бетінше тоқ өндіріп көрген әрекеті нәтиже бермеген.

Боранбай Қойшыманұлы, шаруа:

- Бұған дейін желмен айналатын тоқ қойғанбыз. Бірақ ол қолдан істеген соң, есебі дұрыс болмады ма, қалақтары ұшып кетті. Ол да ұзаққа бармады. Мұның алдында кір жуатын машинаны, сүт машинасын қоса алмайтынбыз.

Балалары тәулік бойы жанып тұратын тоқ қосқанда, ең алдымен қуанған Дәмеш Әбеуова болды. 85 жастағы кейуана бүгінде ел өміріндегі елеулі оқиғаларды қалт жібермей қарап отырады. 

Дәмеш Әбеуова, зейнеткер:

- Кино көріп отырмын. Өлеңін айтып отырмын, жаңалықты естіп отырмын. Машинаны қолмен тартатын едім, машина тоққа айналып, ол да жақсы болды.

Амангелді ауданында жеке шаруа қожалықтары көбейіп келеді. Бір-бірінен шалғай, шашыраңғы орналасқан қоныстардың бәріне электр желісін тарту мүмкін еместігі де белгілі. ЕХРО көрмесінен соң өңірде оннан астам шаруашылық баламалы қуат көзіне көшкен. 

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы