387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театры Кувейтте өнер көрсетті

  • 1087
  • UPD: 13:23, 16.01.2018

«Астана Опера» театры Еуропа, Америка, Азия елдерінде ғана емес, Араб әлемінде де өнер көрсетіп, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында төл мәдениетімізді шетелде насихаттау үшін өнер ұжымы алғаш рет Кувейт мемлекетіне гастрольдік сапармен келіп, көрермен қауымды естен кетпес ерекше әсерге бөледі. Әсіресе өнерсүйер қауым танымал опера жұлдыздары Майра Мұхамедқызы, Медет Шотабаев, оркестрдің концертмейстері скрипкашы Айсұлу Байкенова мен домбырашы, дирижер Руслан Баймұрзиннің өнеріне айрықша тәнті болды.

Кувейт мемлекетінің астанасы Эль-Кувейт қаласында осы елдің мәдениет, өнер және әдебиет ұлттық кеңесінің ұйымдастыруымен XXIV халықаралық мәдени фестиваль өтті. Биылғы шараға дүниежүзінің танымал театрлары қатысып, өнерлерін ортаға салды. Бұл фестивальге елімізден «Астана Опера» театрының труппасы арнайы шақыртылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара - қос мемлекеттің мәдени байланыстарын тереңдетуді көздейді. 

Аль-Мухандис Әли Әл-Юха, Кувейттің мәдениет, өнер және әдебиет ұлттық кеңесінің Бас хатшысы:

- «Астана Опера» театры Кувейт жеріне концерттік бағдарламамен келіп, өнерсүйер қауымға керемет көңіл-күй сыйлады. Сол үшін өз ризашылығымды білдіремін. Халықты мәдениеті, өнері мен әдебиеті арқылы тануға болады. Бүгінгі кеште сіздердің мәдени құндылықтарыңыздың бір парасын көріп, ерекше тамсанғанымызды жасырмаймын. Болашақта Кувейт пен Қазақстанның ынтымақтастығын күшейтетін осындай екіжақты іс-шаралар жиі өткізіліп тұруы тиіс.

Алмас Әбідраманов, Қазақстанның Кувейттегі Төтенше және өкілетті Елшісі:

- «Астана Опера» театры Кувейтте алғаш рет өнер көрсетіп жатыр. Бұл осы елдің мәдени өміріндегі айтулы шара. Осындай мүмкіндікті сәтті пайдаланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап отырмыз. Кувейттіктер өнерді сүйеді және жоғары бағалайды. Мұнда жуырда жаңа опера театры ашылды. Біздің өнерпаздар да сол театрдың сахнасына көтерілетін күн алыс емес деп ойлаймын. 

«Астана Операның» өнерпаздары Кувейт мәдениеті мен өнерінің ордасына айналған Абдумухси Абдуриза атындағы театрда концерт берді. Кеште әлемнің үздік классикалық музыкалары Антонио Вивальди Канчерто Гроссо, Астор Пьяцолла Буэнос-айрестегі жылдың төрт мезгілдері шығармалары орындалды. Сондай-ақ көрермен қауым Абайдың әсем әндері мен Құрманғазының күмбірлеген күйлерін және Нұрғиса Тілендиевтің жан тебірентетін тырнақалды туындыларын ұйып тыңдады.

Майра Мұхамедқызы, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, ҚР еңбек сіңірген артисі:

- Әлемде музыканың тілі бір. Жүректен шыққан музыка міндетті түрде жүрекке барады. Сондықтан айтады ғой «аспан мен аспанды, адам мен адамды біріктіретін музыка» деп. Сондықтан музыкада тіл жоқ, шекара жоқ. Сондықтан бүгін отырған қаншама араб, шеттің азаматтары біздің музыкамызды, біздің классикамызды өте ұйып тыңдап отыр. Бұл бізге деген құрмет, музыкаға деген құрмет.

Осылайша, Эль-Кувейт шаһарының тамылжыған түнгі кеші қазақ әуенімен тербелді. Ал қазақстандық делегацияны бастап келген Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов зәулім өнер ордасында Кувейт жұртшылығымен қауышуға жағдай жасаған осы елдің мәдениет, өнер және әдебиет ұлттық кеңесінің Бас хатшысы Әли Әл-Юха мырзаға алғыс білдіріп, қазақтың игі дәстүріменен иығына шапан жапты.

Ержан Жүніс, тілші:

- Қазақстандық өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болған жергілікті халық бүгінгі кеште құрмет, қошеметтерін аяған жоқ. Ал ұйымдастырушылар жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық фестивальге келесі жылы міндетті түрде қазақстандық ұжымды шақырып, екі ел арасындағы мәдени, рухани үндестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екендіктерін жеткізді. 

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы