384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда стандарттарға толық сай келетін сот-сараптама орталығы жоқ

  • 570
  • UPD: 20:28, 16.01.2018

Сарапшылар тозығы жеткен ғимараттарда жұмыс істеп жүр.

Әуреге түскен олар туберкулез, гепатит ауруына шалдығып жүргендерін айтып, дабыл қағуда. Жалақының төмендігінен қаржы мәселесі де жағаға жармасып, қыспаққа алып отыр.

Жасын Біркенов, тілші:

– Сот сарапшыларының жанайқайына қарағанда, олардың жауырынынан жел өтіп, азап шегіп жүргендеріне 30 жылдан асты. Сорын айтып, иығы салбырап, әбден шаршады. Мына көріністің өзі айтпай-ақ, көп дүниені аңғартады. «Алқам-салқамы шыққан ғимаратта жұмыс істеу мүмкін емес», – дейді мұндағылар.

Ғазиза Мұқатова, сарапшы-биолог:

– Бұл – айғақ заттар сақтайтын қойма. Бұл жерде тек қана айғақ заттар сақталуы керек. Көріп тұрғандарыңыздай, өте кішкентай бөлме. Айғақты заттардан басқа, бізде реактивтер тұр. Бұлар басқа бөлмеде, жабық сөрелерде сақталуы керек.

Бұл ғимарат 30 жыл күрделі жөндеуден өтпеген. Ол аздай, мұндағы қондырғылар да көнерген.

Сот сарапшылары адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейді. Экранның ар жағында отырған сіздерге сезілмейтін де шығар. Бірақ қолқаны қабатын иістен мұндағылардың әбден мезі кеткен. Және ғимараттың жағдайы тіптен мүшкіл. Мысалы, мына түсқағаздар осыдан он жыл бұрын жабыстырылған екен. Оның өзі осындағы мамандардың қаржы есебінен. Пайдаланылған ыдыстар мына жерде жуылып, шайылады. Қолданатын құралдарының ішінде тіс щеткасы да бар.

Ал мәйітхана ит байласа тұрғысыз. Ауа тартқыш мұржалар дұрыс жұмыс істемейді. Кадр тапшылығы тағы бар. Ол былай тұрсын, 13 жылда мұнда 30 шақты адам гепатит, туберкулез ауруларымен ауырып шыққан.

Бақтияр Зұлпанов, Астана қаласы сот сараптамалары институты бөлімінің басшысы:

– Есепке алатын болсақ, бір сарапшының нормасы бір жылға 100 мәйіт зерттеу болатын болса, қазір 3-4 есе көп болып тұр. Сарапшылардың түрлі ауру жұқтырып алу қаупі бар.

Сот-сараптама қызметкерлерінің жұмыстары да жетім қыздың тойындай. Еңбек өтілі 8 жылдан аспайтын сарапшының жалақысы – 60 мың, ал лаборанттың қолға алатыны – небәрі 43 мың теңге.

Анар Жайылғанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Олардың еңбекақысының төмендігі, зейнетақы мәселесі жөнінде Үкімет пен Қаржы министрлігінің алдында сұрақ қойдық. Тағы бір мәселе – кадр мәселесі. Қазір Әділет министрлігі ҚазГЮУ, медицина университеттерімен меморандумға тұрып жатыр.

Мәселенің кілтін табуға кеше Үкімет сағатында депутаттар серт етті. Енді зығыры қайнап жүрген сарапшылардың тілегі бір. Құрғақ уәдемен қуырдақ қуырып, арқасынан қағып кетпесе дейді.

Авторлары: Ж.Біркенов, Д.Жұрқабаев

Хабар 24 телеарнасы