388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы автомобиль өндірісі 3 есе өсті

  • 1109
  • UPD: 10:22, 19.01.2018

2017 жылы Қазақстандағы автомобиль өндірісі 2016 жылмен салыстырғанда үш есе өскен.

Бұл туралы Қазақстандық автобизнес қауымдастығының өкілдері өткен жылды қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында хабарлады.

Былтыр еліміздегі алты завод жеңіл және жүк көліктерін, сондай-ақ автобустарды қоса алғанда 19 мыңнан астам техника өндірген. Ал шетелге бір жарым мыңға жуық автомобиль экспортталған. Мамандардың айтуынша, халықтың жаңа көліктерге деген сұранысы да жыл санап артып келеді. Оған Қазақстанда құрастырылған көліктерді жеңілдетілген несие бойынша сату бағдарламасы септігін тигізіп отыр.

Анар Мақашева, ҚАБҚ директорлар кеңесінің мүшесі:

Жеңілдетілген несие бағдарламасы 2015 жылы басталды. Сол жылы шамамен 26 миллиард теңге бөлінген болатын. Үкімет тұрғындардың сұранысын ескеріп, қосымша тағы 10 миллиард теңге бөлді.

Елімізде құрастырылған автомобильге сұраныстың артуына ескі көліктерді қабылдау жобасы да оң ықпал еткен. Мысалы, былтыр тұрғындар тозығы жеткен 37 мың көлік өткізіп, оларға шамамен 6 миллиард теңге төленген. Бұдан бөлек, сегіз мың көліктің иесі жаңа машина алу кезінде кәдеге жарайтын «жеңілдік сертификатын» алыпты.

Рыскүл Есдәулетова, «ӨКМ операторы» ЖШС өкілі:

Осы жылға біз 50 мың автомобильге квота сұрап отырмыз. Оның ішінде 34 мың ескі көлікке өтемақы төленеді. Ал қалған 16 мың көліктің қожайынына «жеңілдік сертификаты» беріледі.

Хабар 24 телеарнасы