383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде құс фабрикалары қайта жаңғыртылып жатыр

  • 795
  • UPD: 10:45, 22.01.2018

Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

Елбасы Жолдауында осылай деді. Себебі ол дағдарыс кезіндегі экономиканы тұрақтандырушы факторлардың бірі. Еліміздегі озық технологиялар бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар бұл күнде қуатты өндіріс ошақтарына айналды. Мәселен, Алматы облысының Іле ауданындағы құс фабрикасы өз өнімінің 50 пайызын шет елдерге экспорттайтын жағдайға жетті. Қалғанымен ішкі нарықты қамтамасыз етеді.

Әлемдегі дамыған елдердің ортасынан ойып тұрып орын алу үшін Қазақстан ең алдымен жерасты қазба байлықтарына деген тәуелділіктен арылып, өңдеу өнеркәсібіне мықтап бет бұруы тиіс. Елбасы бизнес өкілдеріне мұны үнемі айтып келеді. Кәсіпорындарды аяғынан тік тұрғызу үшін мемлекет тарапынан оларға үздіксіз субсидия беріліп келеді. Соның арқасында көптеген құс фабрикалары қайта жаңғыртылып, жаңа технологиялар бойынша жұмыс істей бастады.

Мұрат Уәлиев, құс фабрикасының директоры:

– Ауыл шаруашылығы министрлігі, Үкімет және Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен ауыл шаруашылығына үлкен көмек көрсетіледі. Соның ішінде құс фабрикаларының бәрі субсидия алады. Жыл сайын бізге әр жұмыртқаға 3 теңге, ет өніміне 70 теңгеден субсидиялық көмек дотацияланады бір килограммға.

Ол өз кезегінде өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімнің сапасын арттыруға жол ашты. Алматы облысының Іле ауданындағы 2003 жылы құрылған бұл құс фабрикасында қазір 1 миллионға жуық тауық бар. Кәсіпорын италияндық технология бойынша жұмыс істейді. Өндірілген жұмыртқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан мемлекеттеріне жөнелтіледі.   

Мұрат Уәлиев, құс фабрикасының директоры:

– Күніне 300 мыңнан артық жұмыртқаны экспортқа жіберіп жатырмыз. Бұл бағытта әлі де жұмысымыз бітті деп ойламаймыз. Өйткені біз 2017 жылы 2000 тоннадан астам май өнімдерін экспортқа жібердік.

Нина Корбасова, құс фабрикасының бас технологы:

– Фабрикадағы барлық технологиялық үдерістер компьютердің көмегімен қадағаланады. Елбасы биылғы Жолдауында «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады» деген болатын. Бізде қазір 800 адам жұмыс істейді. Олардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Себебі өсімдік майын шығаратын зауыт пен тауық соятын цехты, тағы басқа да жаңа желілерді іске қосып жатырмыз.

Мұнда сағатына 6 мың тауық сойылады. Алматы қаласының төңірегіндегі құс фабрикаларынан бұл цехқа күніне 35-40 мың бас тауық жеткізіледі екен. Тауық етінің басым бөлігі ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған. Артылғаны көршілес Қырғызстан мен Ресейге жөнелтіледі. Алайда жемді өзге облыстардан сатып алуға мәжбүрміз. Өзіміз егін салып, құс фабрикасын кешенді түрде дамытайын десек, Алматы облысында бос жатқан егіс алқаптары жоқ. «Құнарлы жерлердің бәрін мал ұстайтын шағын шаруашылықтар алып алған. Үкіметтен осы мәселені шешіп беруін сұраймыз», дейді құс фабрикасының басшылары.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

 

 

Хабар 24 телеарнасы