384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің басым бөлігінде аяз күшейіп, сынап бағанасы -45 градусқа дейін төмендеді

  • 1056
  • UPD: 21:44, 22.01.2018

Бүгін еліміздің басым бөлігінде аяз күшейіп, сынап бағанасы -45 градусқа дейін төмендеді.

Осының салдарынан қоғамдық көліктер қозғалысы қиындап, таксидің бағасы шарықтады.

Блиц:

- Аяз. Мұндай көптен бері болған жоқ қой.

- Аяз әрине, сезіліп жатыр. Аяқтан өтіп барады.

Қаңтардың басында бұрын-соңды болмаған боранды көрген Астана тұрғындары енді дәл сондай аязбен бетпе-бет келді. Бірақ жауапты мамандар бұл жолы салғырттық танытпады. Күннің күрт суытатынын бір апта бұрын ескертіп, әртүрлі шараларды қолға ала бастады. Әсіресе sms-хабарламалардан бірнеше күннен бері телефонға тыным жоқ.

Сонымен қатар осы жолы балабақша мен мектептерде ғана емес, студенттер үшін де оқу уақытша тоқтатылды. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында әзірге ешқандай қайғылы жағдай тіркелмеді.

Аслан Қаженов, тілші:

- Ал көлік жүргізушілері үшін бұл жолғы аяз кәдімгідей қиындық әкелді. Таңертеңнен бері бірнеше темір тұлпардың қозғалтқышындағы май аккумуляторындағы сұйықтық қатып, қаңтарылып тұруға мәжбүр. Бұл осындай жүк және жеңіл көліктерге қатысты жағдай. Бұған қоса қала ішінде қоғамдық көліктердің қозғалысы қиындып, ал автобустардың қала сыртына қатынауына мүлдем тыйым салынды. Сонымен қатар Астанадан шығатын 5 республикалық маңызы бар тасжолда қозғалыс шектелді. Яғни дизель отынымен қозғалатын көліктер осылай тұрып, синоптиктерден жағымды жаңалық күтуге мәжбүр.

Жол қозғалысындағы осындай қарбалас таксишілер үшін керемет олжа болды. Тасымал құнының күрт артуына байланысты әлеуметтік желіде тұрғындардың шағымы күрт көбейді.

- 5 минут жүретін жерге 1 500 теңге алды.

- Такси жүргізушілерінде ешқандай ұят жоқ.

- Керісінше, осындай жағдайда түсіністікпен қарап, бағаны ойға қонымды қылғаны дұрыс қой.

Синоптиктер болса қытымыр қыс қаһарлана түсетінін айтады.  Сәйкесінше алдағы күндері сынап бағанасы -30-дан төмен болады. Тек аптаның соңғы күндерінде аяздың беті қайтады.

Айдана Абықан, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Астана қаласы бойынша алдағы тәулікте жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Яғни түнгі ауа температурасы ертең -38-40 градус. Ал күндіз -30-32 градус аяз болады. 24 қаңтар күні жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Түнгі ауа температурасы -34-36, күндіз -24-26 градус суық болады.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар комитеті халықты аса сақ болуға шақырады. Әсіресе алыс жолға шықпауға кеңес беріп отыр.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі:

- Қысқы кезең басталмас бұрын ТЖК жеке құрамына жалпы саны 4 мыңға жуық адам және 900 бірлік техника әзірленді. Олар қазіргі таңда сақадай сай дайын тұр. Тәулік сайын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері республика аумағы бойынша кезекшілікте тұрады. 112 нөміріне келген шақыртуларға барып, өтініштерге сәйкес, адамдарға көмек көрсетеді.

Қытымыр қыс қыспаққа алған тұста шаһардың барлық құтқару қызметі халыққа қол ұшын беруге дайын. «Дегенмен сақтансаң, сақтаймын» деген қағидатты естен шығармаған жөн.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ердан Наурыбаев

Хабар 24 телеарнасы