380,56 429.20 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада ауа райының күрт суытуынан 30-дан астам адамды үсік шалды

  • 645
  • UPD: 23:06, 23.01.2018
Астанада ауа райының күрт суытуынан 30-дан астам адамды үсік шалды

Астанада қытымыр қыс қаһарына мінді.

Күн райының күрт суытуынан отыздан астам адам үсіп кеткен. Оларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

Астанада соңғы 3 күннің ішінде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты 31 адамды үсік шалған. Бұл туралы Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің бас маманы хабарлады. Оның айтуынша, үсік шалғандардың екеуі – бала, ал қалғандары – ересектер. Тек екі адам ғана ауруханаға жатқызылған. «Көбісін бірінші және екінші дәрежелі үсік шалған», –  дейді маман.

Желеухан Примкулов, Астана қ. Денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Қаңтардың 20-21-і аралығында 31 науқас қаралды. 31 адамның 9-ының қолдары, бесеуінің құлақтары, тағы бесеуінің аяқтары үсіп кеткен. Ауа райы -30 градус болғанымен, оның сезілу әсері одан да жоғары болады. Халыққа біріншіден жылы киіну керек.

Қақаған аязда үй-күйсіз жүрген адамдар орталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Бүгін қолын үсік шалған әйел адам ғана орталыққа жеткізілді. Әуелі оған бірінші медициналық көмек көрсетіледі. Содан кейін жататын орын беріледі. Мамандар: «Сарышұнақ аязға байланысты екі күн ішінде мұнда 40-қа жуық тұрақты баспанасы жоқ адам әкелінген», – дейді.

Динара Шапина , «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығы»  КММ директорының орынбасары:

- Оларды қабылдап, жататын орын мен күніне 3 мәрте ыстық тамақ береміз. Қазіргі уақытта 165 адам орталықтың қамқорлығына алынды.  Стандартқа сәйкес, Астана қаласында тұрып жатқан үйсіз-күйсіз жандарға осы қызметтер бір жыл бойы көрсетіледі. Орталықтың күндізгі бөлімінде 180 орын, ал түнгі бөлімде 50 бар.

Соңғы күндері Астана қаласында жеті автокөлік өртеніп кеткен. Мамандар бұл төтенше жағдайды сарышұнақ аязбен байланыстырып отыр. Көліктердің өртке орануына электр сымдарындағы ақау мен жүргізушілердің қозғалтқышты жылыту мақсатындағы салғырттығы себеп болса керекті. Осы жағдайға байланысты Астана қаласының ТЖ департаменті қауіпсіздік шараларын сақтап, темір тұлпарды уақытылы  техникалық байқаудан өткізуге кеңес беріп отыр.

Авторлары: Табиғат Нұрболат, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы