387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында ауыл әкімдері тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп жатыр

  • 660
  • UPD: 11:13, 25.01.2018
Ақтөбе облысында ауыл әкімдері тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп жатыр

Ауылдарда атқарылған іс аз емес, алайда жасалатын жұмыс та жетеді.

Ақтөбе облысында ауыл әкімдері халық алдында есеп беріп, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп жатыр. Благодарное ауылдық округінің әкімі Ақшат елді мекенінің халқымен кездесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылады. Қала іргесіндегі ауылда ауызсу жоқ.

Қаламқас Қаражанова 30 жылдан бері Ақшатта тұрады. 3 ұлы да осы ауылда отау тігіпті. 19 немере тәрбиелеп отырған әже балабақшаның жоқтығын айтып қынжылады. 3 немересі облыс орталығындағы бақшаға барады екен. Бүлдіршіндерді таң атпай қалаға жеткізу оңай емес.

Айта кетейік, Ақшатта мектепке дейінгі жастағы 133 бала бар. Ауылдың байырғы тұрғыны ауызсу мәселесін де қозғады. Ауыл ауыл болғалы, халық құдықтың суын ішіп келеді.

Қаламқас Қаражанова, ауыл тұрғыны:

- Бізге су керек, су жоқ, балабақша жоқ. Қарайтын дәрігерге қалаға бару керек. Автобусқа мініп, қалаға бару керек. Кішкентай балаларымыз ауырып қалса, өте қиын. Өзіміздің жерден қазып алып, су ішіп отырмыз.

Биыл ауылда балабақша ашылады. Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер 50 млн теңге қаражат бөліп, аумағы 1 000 шаршы метр болатын заманауи ғимарат салып жатыр. Нысан көктем айларында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Балабақша мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Ғимарат жанында шағын спорт залы болады. Онда ауыл балалары жекпе-жек өнерімен шұғылданады. Ауызсу мәселесі де оң шешімін табатын болды. Қазір жерасты суларын зерттеу жұмыстары басталып, қажетті құжаттар дайындалып жатыр.

Бақұзақ Дарин, Благодар ауылдық округінің әкімі:

- Бұдан басқа жол мәселесі, Жаңа құрылыс ауданындағы шағын көшеге қиыршық тас төселіп, жол жөндеу жұмыстары жүрді. Енді алдағы уақытта 149 млн теңгеге ескі бөліктен жаңа бөлікке дейінгі бір көшеге жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Алдағы жылы қаражат бөлгенде, жұмыстар жүргізіледі.

Әкімнің есебі өткен жылдың аяғында пайдалануға берілген су жаңа мектептің залында өтті. Бұған дейін ауылда тек бастауыш мектеп болды. 80 оқушы ескі ғимаратта екі ауысыммен білім алатын. Жоғары сыныпқа көшкен 77 оқушы көршілес Ақжар ауылындағы мектепке қатынап жүрді.  Былтыр республикалық бюджеттен 800 млн теңге қаржы бөлініп, заманауи мектеп салынды. Ал кездесуге келген жастар жағы жиында интернеттің жоқтығын айтты. Қалаға тиіп тұрған ауылда ұялы байланыстың сапасы да нашар.

Мейрамбек Әбдіқалықов, ауыл тұрғыны:

- Ауылда интернет жоқ, бірінші мәселе деп айтуға болады. Балаларға қазіргі кезде мектеп жаңдайында интернет желісіне қосылуға еншқандай мүмкіндік жоқ. Ауызша да, жазбаша түрде де әкімге айттық.

Әкімнің айтуынша, интернет желісін жүргізетін компания ауылда халық санының аз екенін алға тартқан. Өткен жылы 400-ге жуық жер телімі беріліп, жеке үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл тағы 1 000 учаске дайын тұр. Сондықтан бұл мәселе де биыл шешімін таппақ. Сондай ақ Ақшатта білім беру мекемелерімен қатар дәрігерлік-амбулаториялық пункт те салынып жатыр. Мұнда ауыл халқына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде медициналық көмек көрсетіледі. Әлеуметтік маңызды нысан жақында пайдалануға беріледі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы