386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 42 ауылдың дербес бюджеті енгізілді

  • 590
  • UPD: 13:19, 25.01.2018
БҚО-да 42 ауылдың дербес бюджеті енгізілді

Батыс Қазақстан облысында жаңа жылдан бастап 42 ауыл мен екі кенттің және бір моноқаланың өз бюджеті пайда болды.

Бұл өзгерістер «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттер шеңберінде жүзеге асты. Бағдарламада 2018 жылдан бастап елімізде адам саны 2 000-нан асатын ауылдардың дербес бюджетін енгізу белгіленген.

Орал қаласына қарасты Круглоозерное кентінде 6 500 адам тұрады. Кентте 77 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Соңғы ашылғаны ауыл шетіндегі мына дүкен.

Болатбек Иманғалиев, кәсіпкер:

- Осындай азық-түлік дүкенімізді аштық. Ел аялдамадан түскенде нанын, сүтін алуға деген сияқты. Екі-үш адамды қамтып отырмыз, салық төлейміз.

Салық демекші, жас кәсіпкердің алғашқы салығы ауылдың алғашқы бюджетіне тікелей түспекші. Басқа да салық төлемдері мен әкімшілік айыппұлдардан қазына құралады. Бірақ жергілікті түсімдер жетпейді. 92 млн теңгенің 70 миллионы субвенция, яғни жоғарыдан келмек. Кенттің биылғы бюджеті қайда жұмсалатыны әлдеқашан шешіліп қойған. Қоғамдық кеңес мүшелері ұйғарғандай, қаржының басым бөлігі абаттандыру мен ауыл тазалығына, жарықтандыруға жұмсалмақ. Жуырда жөнделген жолдың бойына қойылып жатқан жарық нүктелері – міне, осы ортақ келісімнің жемісі.

Манап Қажыпов, кент тұрғыны:

- Қандай мәселе болса да, жергілікті халықпен, қарттармен, жастармен сөйлескен дұрыс. Себебі үлкені бар, кішісі бар, бәрі кем-кетігін айтады. Не жетпейді, нені қайта тұрғызу керек?

Насия Төлегенова, кент тұрғыны:

- Новостройка шағын ауданында тұрамыз. Ол жақта ауыл ішіне жол салынбаған. Жай жол. Қыстыгүні кей күндері жол ашылмай, балалар келе алмай қалады.

Әрине, жол салу секілді күрделі құрылысқа кенттің күші жетпес, алайда қар күреу секілді жұмыстар енді уақытылы атқарылмақ. Кент басшылығының айтуынша, бұрын осы тәріздес мәселені шешу үшін олар ТҮКШ бөліміне хат жолдайтын. Олар өз кезегінде тиісті мекемелерге хабарласатын. Арада уақыт өтетін.

Кенесары Нұршин, Круглоозерное кентінің әкімі:

- Осындай әрекет жасасақ, қазір бюджет шеңберінде ауылдағы ұсақ-түйек мәселені өзіміз де шеше аламыз. Өзіміздің қаражатымыз бар. Оларға конкурс жариялаймыз. Соның нәтижесі бойынша мердігер өзімізде болады, әкімдіктің құзіретінде болады. Ешкімге де бағынышты емес.

Батыс Қазақстан облысында 151 әкімшілік бірлік болса, соның 45-інде биыл дербес бюджет енгізілді. Жалпы сома – 2 млрд 813 млн теңге.

Қайсар Маңқараев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

- Ендігі мақсат – осы ақшаны нәтижелі және сапалы игеру. Енді мен ойлаймын әрбір деңгейдегі әкімдердің ең басты мақсаты – сол жерде, сол әкімшілік бірлігінде бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу.

Кеңесіп пішкен тон келте болмас. Тың өзгерістер тұрғындардың белсенділігін арттырып, қабылданар шешімдердің сапалы болуына ықпал етпек.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы