386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Асанов 2017 жыл қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өткізді

  • 1868
  • UPD: 22:24, 26.01.2018

Отандық сот жүйесі Дүниежүзілік банктің «Дуинг бизнес» рейтингінде 190 елдің ішінде 5-орынға тұрақтады. Осылайша, қазақстандық Фемида 3 жыл қатарынан алғашқы ондыққа еніп, ел ішінде сот төрелігіне сенімнің артқанын көрсетті. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов өткен жылды қорытындылап, сала үздіктерін республикалық байқаудағы жүлделі орындарымен марапаттады.

Өткен жыл еліміздің фемида өкілдері үшін табысты болды. Кеңесте Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзге де өкілдері алдында жыл бойы атқарылған істер бойынша есеп берді. Форумда мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын, Ұлт Жоспары мен Қазақстанды цифрландыру бағдарламасын іске асыру тұрғысындағы сот жүйесін ізгілендіру қажеттігі де айтылды.

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы:

- Халыққа ашық болу, барынша жақын болу – бұл Елбасымыздың талабы. Менің ойымша біз мынау өзіміздің проблемаларымызды, кемшіліктерімізді жасырмай, жеткізе білсек, түсіндіре білсек. Қоғам біздің қызметіміздің одан сайын жақсы білетін болады.

Цифрландыру мен Ай-Ти технологияны дамыту қағазбастылықты азайтады. Судьялардың қызметін бақылайтын «Ситуациялық орталық» та тәулік бойы жұмыс істейді. Былтыр Жоғарғы Соттың веб порталындағы "Сот кабинетінде" 1 млн 200 мың электронды құжат тіркелді. Ал республиканың соттарына 1 млн 350 мың іс келіп түсті. 

Бағлан Мақұлбеков, Жоғарғы Сот судьясы:

– Оның ішінде 904 мың азаматтық істер қаралды соттарда өткен жылы. Шамамен 59 мың қылмыстық істер келіп түсті. 337-338 мыңның шамасында әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде істер келіп түсті. 

Соңғы 3 жарым жылда Астана қаласының аудандық соттарына 39 судья қабылданды. Осы уақыт аралығында судьялардың жетеуі қызметтерін адал атқара алмай, тағы 5-уі аттестациядан өтпеді. 

«Үшеуі сөгіс алып, 6-уы өз еркімен жұмыстан босатылды. Мұнымен іріктеу талабы күшейтілмесе, бәсеңдемейді», - дейді Жақып Асанов. Оның айтуынша, алдағы уақытта виртуалды соттар пайда болып, азаматтар үйлерінен шықпай-ақ немесе шетелде жүріп те сот отырыстарына онлайн режимде қатыса алады. 

Ербол Рахымбеков, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:

– Ауданаралық тергеу соттары Алматы мен Астана қалаларымен қатар, облыс орталықтарында да пайда болады. Тергеу соттары дегеніміз – тергеу жұмысындағы кейбір көлеңкелі тұстарға өз еркімен санкция беретін дербес қызмет түрі. Ел тарихында алғаш рет 1 наурыздан бастап іске қосылуы тиіс.

Қылмыстық істер қысқа мерзім ішінде қаралып, азаматтық сот жұмысындағы мәмілеге келу келісімі 20 мыңнан 29 мыңға артты. Ізгілендіру қағидаты да сақталып келеді. Инвестициялық дауларды реттеуде де оң өсім байқалады. 

Денис Шипп, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:

– Өткен жылмен салыстырғанда өтініштер 2 есе көп түсті. Шағымдар санының өсуін бізге деген жоғары сенім деп бағалауға болады. Мәселен, инвестициялық дауды шешуде мемлекеттік органдардан гөрі жеке инвесторлардың белсенділігі жоғары. Шағымдарды қанағаттандырудың проценттік көрсеткіші биыл 28-ден 31-ге өсті.

Форум соңында 2017 жылғы республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Облыстық соттар арасында үздік үштікке Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары енсе, аудандық және оған теңестірілген мекемелер арасында Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Атырау өңірінің аудандық соттары жоғары нәтиже көрсетті.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әнуар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы