388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда иесіз үй жануарларына арналған орталық ашылады

  • 637
Павлодарда иесіз үй жануарларына арналған орталық ашылады

Ертіс өңіріндегі жан-жануарларды қорғаушылардың қуанышында шек жоқ.

Өйткені еріктілердің көп жылдар бойы көтерген мәселесі шешімін тапты. Енді Павлодар қаласында қараусыз қалған үй жануарларына арнайы мамандандырылған оңалту орталығы ашылады.

Бұл аядай ғана бөлмені 30-ға жуық мысық паналайды. Жануарлардың көбін олардың жағдайына бей-жай қарамаған тұрғындар әкеліп тапсырыпты. Қоғамдық ұйымның белсенділері ит-мысықтарды аяққа тұрғызып, емдеуге барын салуда. Ұйым мүшелері үш жылдың ішінде мыңдаған жануарға жаңа иесін тауып берген.

Шамиль Весетаев, ерікті:

- Бұл – карантинге жатқызылған жануарларға арналған орын. Барлығы 8 жануар. Бұл мысық панкреатитпен сырқаттанған. Қазір ем қабылдап жатыр. Бір апта бойы күтіп, өмірін сақтап қалдық.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодар қаласында үй жануарларын күтіп-баптауға қолайлы жағдай жасау мәселесі осымен 20 жыл бойы көтеріліп келеді. Мәселе шешімін таппағандықтан еріктілер қауымы осындай стихиялық тәлімбақтар құрған. Қазіргі таңда бұл жер үйде 80-ге жуық ит-мысық қамқорлыққа алынды.

Еріктілердің бастамасын жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері қолдады. Игі істі атқаруға демеушілер мен қала тұрғындарының көмегі де тиді. Дала кезіп жүрген жануарларға арналған оңалту орталығы осы жерде ашылмақ. Қалталы азаматтар бос жатқан ғимаратты сатып алуға 7 млн теңге бөлген. Жөндеу жұмыстарын да демеушілер қолға алды.

Мария Гребенкина, қоғамдық ұйым басшысы:

- Қуанышымызға шек жоқ. Енді қараусыз қалған жануарларды талапқа сай күтеміз. Орталықтың аумағы 140 шаршы метр болмақ, бұл бұрынғы ғимараттан төрт есе үлкен.

Нұрлан Сейілханов, Павлодар қалалық ветеренария бөлімінің басшысы:

- Мысықтар мен иттерді арнайы бағдарлама бойынша кіргізіп, тегін екпе жұмыстарын, құрт, инъекциялау дейміз, сондай жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар өлексе болатын болса, өлген жануарлар болса, залалсыздандырып, көму жұмыстарына көмектесеміз.

Айта кетейік, жуырда павлодарлықтар еріктілерге жеңіл көлік сыйға тартқан. Енді өңірде алғашқы зоотакси қызметі іске қосылды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы