384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы ауыл Ресейге шұбат экспорттап отыр

  • 1261
  • UPD: 23:25, 28.01.2018

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Күрті ауылдық округінде шұбат өндірісі кезеңімен дамып келеді. Мәселен, Ақши ауылындағы сүт өңдеу цехында жылына 3 жарым мың тонна шұбат өндіріледі. Дертке дауа, жанға шипа болған қазақтың ұлттық сусыны осы жерден еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Сонымен қатар бұл кәсіпорын көршілес Ресейге де жылына 15-20 тоннадай шұбат экспорттап отыр.

Күрті ауылдық округіндегі ойсыл қара тұқымының саны 4 мың басқа жетіп қалды. Соның тең жартысы аналық мал. Қыс қатты болғандықтан, буаз түйелер қазір қыстақта тұр. Олар он шақты мал қыстату орталығына бөлінген.

«Жем-шөбіміз жеткілікті. Қыстан қысылмай шығуымыз керек»,- дейді Ақшидегі түйе бағуды кәсіп еткен ағайындар.

Сұлтанбек Қалибеков, түйеші:

- 530 бас түйе бар осы жерде. Тұқым аламыз осында. Қар болғаннан кейін өріске шықпай жатыр қазір. Шөп салып, қорада ұстап отырмыз. Жеткілікті жем-шөбі.

Еліміз тәуелсіздік алған жылы жеке кәсібін 4-5 ойсыл қара тұқымымен бастаған Сыдық Дәулетовтың шаруашылығындағы түйе саны өткен жылы 5 мыңға жеткен еді. Соның мың басы етке кетті. Себебі үкімет шұбаттың литріне 55, ал түйе етінің әр келісіне 90 теңгеден субсидия беріп отыр. Ішкі нарықты емдік қасиеті мол, шипалы сусынмен шама-шарқынша қамтыған кәсіпкер көршілес Ресейге де жылына 15-20 тонна шұбат экспорттайды.

Маржан Салманова, шұбат өндіру цехының жұмысшысы:

- Жаздың күндері 5-6 тонна сүт келеді, соны өңдейміз. Қыстың күндері азаяды, 2-3 тоннадай болады. Қазақстанның түкпір-түкпіріне, жан-жақтарға, Россияға да жіберіп жатырмыз бәрін.

Даниял Өгізбаев, Күрті ауылдық округінің әкімі:

- Ұлттық сусынымыз қазір барлық жерде насихатталуда. Бұл өте қасиетті мал, ұлық мал. Ұлттық код деп жатырмыз ғой, біздің брендімізге айналды.

Ақши ауылындағы шұбат өндіретін кәсіпорында 10 адам жұмыс істейді. Ал шаруашылық жалпы саны 50 шақты жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Сыдық Дәулетов, кәсіпкер:

- Біздің қазіргі мал бағып отырған жеріміз - Іле ауданы. Оның ішінде Сарытауқұм деген құм. Арғы жағы Ілемен жалғасып жатыр. Өте ыңғайлы. Бәріміз қала айналасына жинала бермей, осындай далада, игерілмей жатқан жерлерде төрт түлігімізді өсірсек, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстанда еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Тек қана ниет болу керек.

Елімізде мал шаруашылығын өркендетуге арналған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты бағдарламалардың сәтті жүзеге асқанын білесіздер. Алайда төрт түліктің төресі - түйені көбейтуді көздейтін бір де бір жоба жоқ. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ жерінде 1 млн 200 мыңнан астам түйе болса, бүгінде олардың саны 200 мыңға да жетпейді. Сондықтан түйе шаруашылығын дамытуға арналған арнайы бағдарлама қажет,- дейді шұбат өндірумен аты шыққан жетісулық кәсіпкер Сыдық Дәулетов.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы