384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-ның Тақсай кешенінен табылған сақтардың сүйектері ежелгі ғұрыптан сыр шертеді

  • 802
  • UPD: 10:21, 30.01.2018

Батыс қазақстандық ғалымдар бүгінде мыңнан аса тарихи жәдігерді зерттеп жатыр. Біздің дәуірімізге дейінгі 5-ғасырға тиесілі құнды мұралар былтыр Теректі ауданындағы Тақсай обалар кешеніндегі археологиялық қазба кезінде табылған. Мамандардың пікірінше, талай ғасырдың құпиясын қойнына жасырып жатқан қорымдардың тарихқа қосар жаңалығы әлі алда.

Бөрі мен барыстың, грифонның, өзге де түрлі аң-құстардың бейнесі қару-жарақтар мен ат әбзелдеріне, әшекейлерге айрықша сән беріп тұр. Сүйектен ою ойып, қоладан өрнек салған ежелгі зергерлердің шеберліктері таңдай қақтырады. Жебенің ұшындағы ұсақ суреттер де қайталанбас көркемдігімен ерекшеленеді. Бәрі де арнайы зертханаларға жіберілмек.

Серік Рамазанов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Бір қорымның өзінен 700-ге жуық жебе ұшы табылды. Мұның бәрі де ежелгі темір дәуіріне жататын кезінде өмір сүрген адамдардың қолданған бұйымдары немесе айтайық сол кезге жатады деп есептейміз.

Былтыр Тақсай кешеніндегі 4 оба қазылған болатын. Солардың астынан 7 жауынгердің мүрдесі табылды. Олардың бірінің жанына жас арудың қоса жерленгені анықталды. Мола көмілмес бұрын алдымен өртелген. Мұндай ғұрып Қара теңіз маңындағы скифтер мен Арал теңізі жақтағы сақтарға тән көрінеді. 

Яна Лұқпанова, тарих және археология орталығының аға ғылыми қызметкері:

- Бөренелі-шатырлы құрылыс өртелген. Үлкен алау болған. Қызудың күштілігі соншалық, бір метр тереңдікке дейін жеткен. Сол кезде беті топырақпен көмілген. Сондықтан да мына металдар еш зардап шекпей, сап-сары күйінде бізге жетіп отыр. Ал адам сүйектері керісінше қатты балқып кеткен. Тіпті антропологтар да кейде ДНК сараптама жасай алмай жатады.

Мұрат Сыдықов, облыстық тарих және археология орталығының директоры:

- Біз тауып жатқан тарихи жәдігерлер көп болғанымен, нақты нәтиже аз болып тұр, өкінішке қарай. Өйткені Қазақстанда радиокөміртегілік сараптама жасайтын, палеоантропологиялық, басқа да  зерттеулер жүргізетін бір де бір сертификатталған замануи зартхана жоқ. Біз осы 15 жыл ішінде өте мол мөлшерде артефакт жинадық. Алайда соның болмашы бөлігі ғана ғылыми зерттелді.

Тақсайдан табылған тарихи мұралардың арасында әлемдік өркениетке үлес қосар жауһар жәдігерлер жетерлік. Мәселен, жуырда Британ музейінде көпке көрсетілген «Алтын ханшайым» сармат және савромат мәдениетінің жоғары деңгейін паш етеді. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы