387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе қаласында кезекте тұрған 10 мың адам биыл өзіне тиесілі жерін алады

  • 616
  • UPD: 18:29, 31.01.2018
Ақтөбе қаласында кезекте тұрған 10 мың адам биыл өзіне тиесілі жерін алады

Ақтөбеде түрлі деңгейдегі әкімдердің есеп беру жиындары өтіп жатыр.

Шаһар басшысы да қала маңындағы ауылдық окургтердің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілегін тыңдап жүр. Халықты мазалайтын мәселелер аз емес. Көбі қоғамдық көлік тасымалын жақсартуды және сапалы жол салуды сұрайды. Жалпы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғары. Округте 24 кәсіпкерлік  нысан ашылып, 61 адам жұмысқа орналасқан.

Қала маңындағы Қарғалы ауылдық округінде 22 мыңнан астам халық тұрады. Көбі соңғы жылдары көшіп келген тұрғындар. Мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданы да осы округке қарайды. Былтыр 3 мыңға жуық адам жаңа үйлерден баспана алды. Жаңа ауданға жол салу, инженерлік желілер тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Қала әкімінің есебін тыңдауға келген тұрғындар көбінде округтің ескі бөлігіндегі проблемаларды көтерді.

Жәуміт Жақып, Қарғалы ауылдық округінің тұрғыны:

– Жарық, су, газ жақсы қамтамасыз етілген. Енді алдағы уақытта көшелерді асфальттаса деген ұсынысымыз бар. Мына орталық көшелер, сосын мына жоғарыдағы Мотросов көшесі бар, соларды асфальттаса деген ұсыныс. Ескі жер жол ғой, тегіс емес.

Қала әкімі биыл қала жолдарын орташа және күрделі жөндеу бойынша 32 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтты. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау және жаңғырту бойынша 43 жоба жасалған.

Бұл округтің халқы қоғамдық көлік мәселесін жиі көтереді. Қала маңындағы ауылға қатынау қиын. 22 мың тұрғыны бар округке бөлінген автобустардың саны аз. Оның өзі жиі сынып қалады немесе жүру кестесін сақтамайды.

Ілияс Испанов, қала әкімі:

– Оған бірқатар шешіміміз бар, қазір мына алып жатқан автобустарымыз сол жетпей жатқан көліктерді, ескі көліктерді жаңартуға мүмкіндігін береді. Және басқа да шаралар қолданып, жаңадан көлік жүргізуші компанияларды маршрутқа кіргізу мәселесін қарап жатырмыз.

Өткен жылы қалаға 40 автобус сатып алынса, биыл тағы 80 автобус әкелу жоспарда. Округ аумағында екі бірдей көпір салынып жатыр. Оның бірі жақында пайдалануға беріледі. Жалпы биыл Ақтөбе қаласында кезекте тұрған 10 мың адам өзіне тиесілі жерін алады. Жер алған тұрғындар үй құрылысын бастамас бұрын қала маңындағы ауылдарға инженерлік-коммуникация тарту жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, ауылдық окургтерде 6 мектептің құрылысы басталады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев 

Хабар 24 телеарнасы