387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Момышұлы туып-өскен үйдің орны туристік орынға айналуы мүмкін

  • 942
  • UPD: 15:29, 03.02.2018

Жамбыл облысының Жуалы ауданында биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 15 жоба жүзеге асырылады.

Тізімге енген нысандарды жаңғыртып, шараларды өткізуге 58 миллион теңге қарастырылған. Жұмыс барысында Бауыржан Момышұлы туып-өскен үйдің орнын туристік орынға айналдыру көзделіп отыр. Сонымен қатар ауданда Өлкентану мұражайы пайда болмақ. Қазір жоспар жасалып, дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Рухани жаңғыру» ауылда қызу қолдау тапқан. Әсіресе жергілікті көне көз қариялар белсенді. Олар арнайы комиссия құрып, даңқты қолбасшы тұрған үйдің орнын анықтады. Ақсақалдар батыр Бауыржанның үйінің орны мен жанындағы Момышбұлақты туристік нысанға айналдыруды ұсынған. Тіпті жоба да дайындап қойыпты.

Аманжол Дүрәліұлы, ауыл ақсақалы:

Мың метр жолдың үстінен. Мың-ақ метр. Ал енді біз жобасын сызып қойдық. Ол қазір қоршалады. Осы жоба астында тұр. Ол жерге үлкен бөгет соғылып, су ортасына дейін көтерілуі керек. Екі гектарды биыл қоршаймыз. Оған 4 жарым миллион ақша бөлінді.

«Рухани жаңғыру» аясында «Кітап – ғажайып қазына» байқауы өтеді. Шара кезінде аудандағы 6 мен 10-сынып оқушыларына 20 әдебиет оқытылады. Бұл елорданың 20 жылдығына орай жоспарланған. Мақсат – жеткіншектерді кітап оқуға шақыру. Жеңімпаздар Астана қаласына саяхат жасауға тегін жолдама алады.

Фариза Оразымбетова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Ереже бойынша аталған байқау екі кезеңде өтеді. Қабілетіне, оқып жатқан сыныптарына сай әдебиеттер таңдалынып отырған. 8-10-сыныптарға Абай Құнанбаевтың қара сөздері ұсынылып отыр. Оның ішінде жергілікті біздің өзіміздің ақын-жазушыларымыз бар.

Сонымен қатар тарихы терең Жуалы өлкесінде Өлкентану мұражайы ашылады. Бұрын мұндай нысан болмағандықтан, тапқан жәдігерлерін тұрғындар өздері жинап жүрген. Игі бастаманы естіген жұрт құнды заттарды шетінен өткізе бастады. Қазірдің өзінде жиналған бұйымдардың саны мыңға жетіп отыр.

Марат Нарымбеков, Жуалы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Жоспарлау барысында аудан тұрғындарының пікірлері және үкіметтік емес ұйымдардың ой-пікірлері осыған қосылды. Енді осы жобаларды жүзеге асыру үшін қазіргі таңда аудандық бюджеттен 58 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Биылғы жылы осы жобалардың барлығын жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстар атқаратын боламыз.

Жалпы облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл 3 млрд-тан астам қаражатқа 84 жоба жүзеге асырылмақ. Оның тең жартысына меценаттар қолдау көрсетеді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә 

Хабар 24 телеарнасы