387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


А.Евниев: ҚР АШМ барлық тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау саласындағы бірыңғай орган ретінде белгіленуі керек

  • 810
  • UPD: 18:54, 06.02.2018

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттер толыққанды сақталмайды.

Соның салдарынан ішкі нарықты сапасыз өнімнен қорғау қиын. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, сырттан келетін құс еті бірнеше рет мұздатылады. Оның үстіне салмағын көбейту үшін сан алуан сұйықтық қосылады. Сол секілді нарыққа әкелінетін сары май сапасы сын көтермейді. Негізгінде бір келі өнімге 22 литр сүт қосылу керек болса, бұл талап бүгінгі күнге дейін мүлде орындалмай келді.

Айта кетейік, арнайы тәртіппен дайындалатын өнімнің бір келісі 2750 теңге тең болуы тиіс. «Ал біздің нарықта ең қымбат сары май бағасы 1900 теңгеге пара-пар», – деді жауапты сала өкілі. Яғни шетелдік өнімдер отандық өндіріске кері әсерін тигізіп қана қоймай, адам денсаулығына зор зардабын тигізуі мүмкін. Осы ретте түйткілдің түйінін тарқату үшін тамақ қауіпсіздігін бақылауды толығымен ауыл шаруашылығына жүктеу ұсынылды. Бүгінде бұл қызметті бірнеше мемлекеттік орган бірлесіп атқарады.

Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

- Мұндай сапасыз өнімдерге бақылаудың аздығынан отандық тауар өндірісі зардап шегіп отыр. Сапасыз әрі арзан өнім импортталғаннан кейін, мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпкерлерді қорғау жүйесі тиімсіз болып қалады. Сол себепті Ауыл шаруашылығы министрлігін барлық тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау саласындағы бірыңғай орган ретінде белгілеу керек. Ондай тәжірибе Канада, Франция, Литва, АҚШ, Қытай секілді елдерде бар. 

Дегенмен Премьер-Министр бұл ұсынысқа бірден қолдау көрсетілмейтінін айтты. «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалау міндетін бір органға тапсыру жайын жан-жақты зерделеу керек», – деді Бақытжан Сағынтаев. Сондықтан Үкімет мүшелеріне бақылау шараларының дұрыс жүргізілмеу себебін жіті тексеруді тапсырды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі: 

- Жаңа тәсіл арқылы стандарттау жөніндегі техникалық комитеттерге басымдық беріледі. Оның құрамына мемлекеттік орган өкілдері, қауымдастық мүшелері және ғалымдар кіреді. Заңның қабылдануымен Қазақстан аумағында шетелдік стандарттар еркін қолданылып, бизнес ахуал жақсартылады. Метрология саласына да жаңашылдықтар енгізіледі. Бұл жұмыс аккредиттеу жүйесін жетілдіруге және жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Хабар 24 телеарнасы