386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада тіс емдеу қанша тұрады?

  • 8676
  • UPD: 17:50, 09.02.2018
Астанада тіс емдеу қанша тұрады?

Бүгін Халықаралық стоматологтар күні.

Жалпы, елімізде қазіргі уақытта 2,5 мың стоматологиялық кабинет бар екен. Алайда оның тек 35 пайызы ғана мемлекеттік, қалғаны жекеменшіктің еншісінде. Соған сәйкес тіс дәрігеріне қаралу да арзан болмай тұр. Оның үстіне салада кадр тапшы.

Бірінші байлық – денсаулық. Оның ішінде тіс мәселесіне атүсті қарауға болмайды. Тісі ауырған әрбір баланың артық айтқаным болмас, қорқынышына айналған стоматологтар табиғатынан көңілді, жайдары, әзілге жақын болуы қажет. Өйткені тіс емдеп, тіс жұлудан бұрын, жанын шүберекке түйіп келген жастың, қарияның, ересектің де көңілін аулап, уайымын басатын тек осы маман иелері.

Шымкент өңірінің тумасы Жақсыбек Орынбасарұлы елордалық тіс клиникасында стоматолог-ортопед болып жұмыс істейді. Сөзіне қарағанда, бала кезінде тіс дәрігерінен мүлдем қорықпаған. Өйткені стоматолог көршісіне еліктеп өскен ол осы салаға келуді о бастан армандапты.

Жақсыбек Сейтпулаев, стоматолог-ортопед:

- Тістің жоқтығы асқазанға да әсер етеді. Баланың денсаулығына да. Сондықтан біз бір шетінен тіс саламыз. Зейнеткерлер көп келеді. Олардың көбісі уақытысында тістерін емдемей, бәрін жұлдырып, бүлдіріп алған ғой. Соларды қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз. Шайнау мүмкіндігін алып, асқазанына әсер етпесін дейміз.

Стоматологтың айтуынша, тіс жегі уақтылы емделмесе, ауру тісті аман сақтап қалу қиын болмақ. Мұның салдары бір жағымен тістеу, шайнау, тіс қайрау сияқты жаман әдеттерге әкеліп, астыңғы жаққа салмақ түседі. Нәтижесінде адамның бет-жақ сүйегінің кескіні бұзылып, қызыл иегі қашады. Артынша ортодонт пен тіс хирургі қызметіне жүгінуге тура келеді.

Жақсыбек Сейтпулаев, стоматолог-ортопед :

- Ал кішкентайлардың қисайып жатқан, дұрыс шықпай жатқандарын да емдейміз. Қазір брекет деген шығып жатыр. Баяғыда біз брекетпен емес, пластинамен емдегенбіз.

Ал елорда тұрғындарының тіс күтімі қандай? Бұл туралы өздерінен біліп көрдік.

Мәдина Әлімқұлова, стоматолог:

- Тіс дәрігеріне жылына жасы кіші балаларға 4 рет келуге кеңес беремін. Себебі балаларда тіс жиегі қуысы тезірек дамидыа. Сосын жейтін тағамдарымызға да байланысты. Тәтті тағамдарды шектеу керек. Ауыз қуыс гигиенасын таза ұстау керек.

Бүгінде елорданың стоматологиялық клиникаларындағы орташа баға мынадай. Тіс дәрігерінің тексерісі мен кеңесі 1000 теңгеден басталады. Тіс емдеу мен тіс жұлу шамамен 5000 теңгеден. Ал алдыңғы тістерге орын босату мақсатында ақыл тісті жұлу 15 мыңнан жоғары. Көрші тістерге аспалы жасанды тіс салу да осынша тұрады. Брекет салдыру 45 мың теңгеден басталады.

Қазақстан стоматологтар қауымдастығының дерегінше, 100 мың тұрғынға кем дегенде 40 тіс дәрігерінен келуі керек. Әсіресе солтүстік пен батыс өңірлерде бала тісін емдейтін мамандар тапшы. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде елдегі 2 500 орталықтың ішінде тек 35 пайызы мемлекеттік. «Осыған орай мекемелерде стомкабинеттер көптеп ашылып, тегін қызмет түрлері артса екен», – дейді азаматтар. 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы