389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабай баурайында шаңғышылар фестивалі өтті

  • 572
  • UPD: 12:21, 10.02.2018

Ақ Олимпиадаға Ақмола облысынан аттанған 6 спортшының бесеуі Бурабай ауданының тумалары. Олар осы өңірде өсіп-өніп, табиғаты тамаша өлкеде жаттыққан. Осыған орай Бурабай баурайында олимпиадашыларды қолдау мақсатында арнайы шаңғышылар фестивалі өтті.

14 жасар Кәмила Жолдыбаева, биатлонмен 4 жыл бойы айналысып келеді. Жасына қарамастан, қазір спорт шеберіне үміткер. Ол да бүгін олимпиадашыларға қолдауға тау етегіндегі шаңғы базасына арнайы келді. Кәмиланың да арманы – атақты спортшы атану.

Кәмила Жолдыбаева, спортшы:

- Мен де олар жеткен жетістіктерге жетіп, олар бағындырған белестерден асқым келеді. Қазірдің өзінде көптеген жарыстарда топ жарып жүрмін. 

Жерлестерін қолдауға келген жандардың бәрі бүгін ерекше көңіл-күйде. Айтуларынша, мұндай шара, олимпиадада жүрген спортшыларға ерекше рух береді. Әсіресе олимпиадашылардың туған-туыстары мен жаттықтырушылары қатты толқып жүр.

Ирина Величко, Е.Величконың жары:

- Бұл жолғы байрақты бәсеке, менің жолдасымның үшінші олимпиадасы. Бірақ, ол бірінші рет қатысып тұрғандай мен қатты уайымдаймын. Мақсатына жетіп, жеңіс тұғырынан көрінсе екен деп тілеп отырмыз.

Геннадий Макаров, А.Райкованың жаттықтырушысы:

- Біздің спортшылар жарысқа дайын. Себебі, олар олимпиадаға дейін Әлем кубогы секілді ауқымды шараларға қатысты. Әбден шыңдалды. Десе де, уайымдаймыз, әрине. Кеше хабарласып, сәттілік тіледік. Ол жаққа үйренісіп қалыпты.

Атақты спортшылар жаттыққан бұл шаңғы базасында жыл сайын көптеген спорттық сайыстар өткізіледі екен. Тіпті әр қыста мұнда «Қар күнін» атап өту үрдіске айналған. Ал осындай іс-шаралардың барлығы балаларды спортқа баулуға көмектеседі, - дейді мамандар. 

Дамир Берікұлы, тілші: 

- Жалпы Бурабай ауданында қазір 500 бала қысқы спорт түрлерімен тұрақты айналысады. Олар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Ал одан бөлек бір ғана Щучинск қаласының өзінде 2 мыңға жуық мектеп оқушысы шаңғы спортымен шұғылданады. Сондықтан олимпиадашылардың ізбасарлары əлі де көбейе түседі деген үміт мол. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы