387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


79 жастағы қария замандастарына латын әліпбиін үйретіп жүр

  • 1132
  • UPD: 21:50, 10.02.2018

Зейнеткерлер қайтадан мектепке барады.

Қостанай облысында 79 жастағы қария латын әліпбиін тегін үйретеді. Москалёв ауылының тұрғыны Көкенаки Әбділдин «Рухани жаңғыруды» осындай нақты іспен қолдап жүр. Ардагер ұстаздың алғашқы шәкірттері де өз замандастары.

Сексенге аяқ басқан Бейсен Жұрқабаев үлгілі оқушылардың бірі. Сабақты қалдырмайды. Үй тапсырмасын да тыңғылықты орындайды. Қария «келешекте қаріп өзгергенде қатардан қалып қоямын» деп қорықпайды.

Бейсен Жұрқабаев, Москалёв ауылының тұрғыны:

– 32 әріптің қалай жазылатынын білемін. Ептеп оқи аламын. Жазып отырмын, міне, әліпбиім бәрі алдымда. Президенттің тапсырмасын орындау керек, заманға сай болуымыз керек. Тәуелсіз ел болған соң тіліміз даму керек, өсіп келе жатқан немерелерім бар, соларға үйретемін.

Дәріс аптасына бір рет өтеді. Қатысушылар әріптерді түгел үйренген. Қазір ұстаз әзірлеген мәтіндерді жүргізіп оқи алады.

Алғашында оқу курсына зейнеткерлермен ауыл жұмысшылары ғана қатысса, қазір мұғалімдер де шәкірттер қатарын толықтырған. Себебі отыз жылдан астам қазақ тілі пәнінен сабақ берген ардагер ұстаздың тәжірибесі жас буынға үлгі.

Салтанат Мұстафина, Қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

Қосымша мәліметтері көп. Ізденіп, заман талабына сай мақалаларды әкеліп оқытқызады. Әр сабағы қызықты өтеді. Сабақ үйретіп ғана қоймай тәрбие де үйретіп жатады. Латын әліпбиі енді заман талабы болғандықтан үйренуіміз керек.

Қажетті көрнекіліктерді Көкенаки Әбділдин өз қолымен жасады. Қарт филолог әліпбидің ел назарына ұсынылған нұсқасын жетілдіруге өз ойын қосып, мақала әзірлеу үстінде. «Менің басты мақсатым «Рухани жаңғырудың» мәнін халыққа жеткізу», – дейді зейнеткер.

Көкенаки Әбділдин, ардагер ұстаз:

Латын әрпіне көшу жөнінде ел арасында түсініксіз сөздер бар. Біреулер «мектепте балаларымыз қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқиды, енді латын тілінің не керегі бар, латынша сөйлеп қайтеміз» дейді. Мен түсіндіріп, латын әліпбиіне көшу деген латынша сөйлеу емес, қазақша жазу, латын әліпбиімен қазақша жазып, қазақша оқу деймін.

Елбасы мақаласы Москалёв тұрғындарынан бірден қолдау тапты. Туған өлкенің тарихын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында мұнда былтыр мектеп ішінен музей ашылды. Оны жасақтауға жерлестер жұдырықтай жұмылып үлес қосқан.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров 

Хабар 24 телеарнасы