378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында ауылда жұмыс істеуге ынталы жастар қатары көбейді

  • 1412
  • UPD: 23:47, 11.02.2018

Атырау облысында диплом алысымен ауылдық жерге барып жұмыс істеуге ниет білдіруші жас мамандардың қатары арта түсті. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, бойын патриоттық сезім билеген жастардың туған ауылының көркеюіне үлес қосуы үлгілі үрдіске айналып келеді. Сонымен қатар «елді мекенге барам» деген жас мамандарды мемлекет тарапынан қолдау да жақсы. Лауазымды қызметпен қатар жастар ауылда жағдайын жасау үшін көтерме жәрдемақы алады, оған қоса баспана сатып алуға жеңілдікпен несие де беріледі.

Жазира Еділбаева Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкино ауылына келіп еңбек етіп жатқанына жарты жылдан асты. Кепілді түрде өз мамандығы бойынша жұмысқа қабылданып, медициналық мекемеде ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп жатыр. 

Жазира Еділбаева, дәрігер:

- 2017 жылдың жаз айында оқуымды тәмәмдап өз ауылыма, туған жеріме, туған топырағыма жұмыс жасауға келдім «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ең жақсы жері бір реттік жәрдемақыға көлемді ақша беріледі және өздеріңіз көріп отырғандай ауданнан 3 бөлмелі пәтер беріліп отыр. Негізі мен аудан орталығында тұрмаймын шалғай жерде тұрамын.

Атырау облысында «ауылға барып қызмет етемін» деген жастар үшін кешенді бағдарлама жасақталған. Мәселен ауылдық елдімекендерге дәрігерлік-амбулаторлық пункттер салынған кезде бірден мамандарға арналған үй құрылысы қатар жүргізіледі. Бұл жоба әрине жемісін беріп тұр.

Гүлсара Нұрмұхамбетқызы, аудандық аурухананың бас дәрігері:

- Біздер жылма-жыл медициналық жоғары оқу орындарын бітіретін студенттер арасына барып біздің ауданда жасалып жатқан әлеуметтік көмек жайында айтып, бәрін апарып көрсетіп ауылымызға тартып отырмыз. Былтыр соы мақсатта Алматыға, Ақтөбе және Қарағанды қалаарындағы ЖОО болдық. Енді сонымен бірге қазір ауданымызда қазір 10 студент аудандық квотамен  жоғары медициналық оқу орындарында оқып жатыр. Биыл 2 студент 7-курста оқып жатыр. Болашақта олар туған ауылына қайтады.   

Орталықтан шалғай орналасқан Құрманғазы ауданына өткен жылы 29 жас маман жұмыс істеуге келген. Олар медицина, білім беру, ауылшаруашылығы секілді маңызды салалардағы кадр тапшылығын азайтуға үлес қосты. Алты маманға 20 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, баспана сатып алынды. Сонымен қатар жас мамандардың  әрқайсысына ауылдағы жағдайы мен тұрмысын түзеп алуына 4,5 млн теңгеден көтерме жәрдемақы берілді. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы