384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында сүтті түйе санын көбейту жоспарланды

  • 1444
  • UPD: 07:42, 13.02.2018

Маңғыстаулықтар төрт түліктің төресі түйе тұқымын асылдандырмақ. Сүтті түйелерді көбейту үшін бір өркешті Ару-ана тұқымы өсіріледі. 250 миллион теңгеге бағаланған жобаны жергілікті инвесторлар жүзеге асырады. Өңір басшылары Үкіметке «Ойсыл қара» деп аталатын бағдарлама әзірлеуді ұсынып отыр. Себебі елімізде мал шаруашылығының дәл осы түріне арналған арнайы бағдарлама әлі күнге дейін қарастырылмаған.

Маңғыстауда 56 мың бас түйе бар. Бұл еліміздегі киелі жануардың 30 пайызын құрайды. Шөлейтті аймақтың табиғаты түйе бағуға ыңғайлы болғандықтан халық негізгі кәсібіде осы. Түйе бағумен айналысады. Бексұлтан Аққұлов - ғұмырын ойсылқара тұқымын өсіруге арнаған белгілі түйекештің ұлы. Ата кәсіпті жалғаған шаруа бүгінде қожалық құрып, оншақты ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.

Бексұлтан Аққұлов, шаруа қожалығының төрағасы:

- Бізде қазір 180-200-дей түйе бар. Елуге елу, мысалы елуі биыл боталайды, 50-і келесі жылы деп өзінің айналысына келтіріп қойдық. Тәулігіне 100 литр сүт өндіреміз. Соның сүтін алып шұбат қылып дайындаймыз.

Өңірдегі түйе малының саны жыл санап көбейгенімен сапасы үдеден шықпай тұр. Оның өнімділігін арттыру үшін жергілікті билік жаңа жобаны қолға алды. Сүтті мол беретін Аруана тұқымы өсірілмек. Аруана – жалғыз өркешті таза тұқымды аналық. Алдағы айдың басында 300 бас асыл тұқымды жануар Түпқараған ауданындағы шаруашылыққа жеткізіледі.

Серік Қалдығұл, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

- 105 млн теңге бөлінді. 1-ші кезеңде. Сосын 2-ші кезең тағы осындай бағытта қаражат бөлінеді. Сосын осының нәтижесіне қарай арықарай жұмысты жалғастырамыз. Мақсат - сүтті бағытты дамыту. Мысалы айталық, қазір бізде орташа әр түйеден 2-3 литр сүт алынатын болса, біз аруана түйесімен оны 2 есеге жеткіземіз деп межелеп отырмыз.

Түйе өсірушілер мемлекеттік қолдауға зәру. Мал басын көбейткісі келетін шаруалар кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болмағандықтан несие ала алмай отыр. Жерасты су қоры аз өңірде мал суғару мәселесі де өткір тұр. Құдық қазып, мыңдаған тереңдіктен су шығару үшін қомақты қаражат керек. Шаруалардың мәселесін шешіп, түйе шаруашылығын өркендету мақсатында облыс басшылары Үкіметке «Ойсыл қара» деп аталатын арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Төрт түліктің өзге түріне қарағанда арнайы күтім мен құнарлы азықты қажет етпейтін түйені өсіру әлдеқайда тиімді.

«Салаға жұмсалған қаржы 5-6 есеге дейін табыс әкеледі», - дейді мамандар.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы