367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысына қоныс аударушылар жұмыспен қамтылып жатыр

  • 358
  • UPD: 13:58, 14.02.2018

Қостанай облысына соңғы екі жылда еліміздің батыс, оңтүстік өңірлерінен 50 шақты отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша көшіп барған.

Қоныс аударушылар жаңа мекенде тұрақты жұмыс тауып, жайлы баспанаға ие болды. Сонымен қатар өңірдегі тапшы мамандардың орнын толтырды. Астықты аймаққа көшіп келушілер саны келешекте де еселеп арта түспек.

Әулиекөл ауданындағы Москалев орта мектебі жаңа оқу жылында екі маманмен толықты. Солардың бірі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі – Индира Пірманова. Қызылорда облысынан келген. Бақытгүл Айдарбекова да Сыр өңірінен. Ол мектептің медбикесі болып қызметке кірісті. Бес баланың анасы жаңа қоныстағы тұрмысына разы.   

Бақытгүл Айдарбекова, қоныс аударушы:

- Жолдасымды жұмысқа орналастырды. 18 жастағы үлкен баламды да жұмысқа алды. Балаларды мектепке қабылдады, бір дүркін көшуге арналған қаржыны алдық. Сосын коммуналдық төлемге алып жатырмыз.

Дәрігер мен мұғалім Қостанай облысында тапшы мамандықтар қатарында. Одан бөлек ауылшаруашылық саласында да еңбек күші жетіспейді. Москалев ауылындағы серіктестік қоныс аударушыларды құшақ жая қарсы алуға, оларға материалдық көмек көрсетуге әзір.

Базарбай Жаңбуршинов, шаруашылықтың атқарушы директоры:

- Қазіргі таңда жүргізушілер қажет. Жұмыс істеймін, осы елде өмір сүремін деген адамдар болса, біз жағдай жасауға дайынбыз. Тұратын үй беріледі. Істейтін жұмыс бар, айлығы ай сайын беріліп тұрады.

Қоныс аударушыларға көші-қон шығыны үшін 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік демеу қаржы бөлінеді. Одан бөлек жан санына байланысты үй сатып алуға, жалдауға жәрдем жасалады.

Бақыт Әбілқайырқызы, облыстық жұмыспен қамту басқармасының бас маманы:

- Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы болғаннан кейін міндетті түрде көшіп келіп жатқан адамдардың мамандығы болуы керек. Мамандығы жоқ болса, оқысқа курстар бар, әрбір курста оқытып, содан кейін де жұмысқа орналастыруға болады.

Биыл Қостанай облысына 272 отбасы көшіп келмек. Қоныс аударушылар көбіне өз қалаулары бойынша ауылдық жерлерді таңдайды екен. Ал 2021 жылға дейін облысқа 10 мың отбасын көшіріп әкелу жоспарланған. Онда аймақ тұрғындарының саны кемі 40 мыңға көбейеді деген сөз.

Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров

Осы категория бойынша: « Инвесторлар Екібастұз әуежайын жөндеуден өткізеді Астана әкімі орынбасарларының халықпен есептік кездесуі 15 ақпанда басталады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы