387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбек тіліне аударылған Елбасы Жолдауы нұсқасының тұсаукесері өтті

  • 803
  • UPD: 10:53, 15.02.2018

Ташкентте Елбасы Жолдауының өзбек тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті.

Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында жергілікті зиялы қауым өкілдері мен дипломаттарға құжаттағы 10 басымдық жан-жақты түсіндірілді. Осы орайда төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан еліміздің жетістіктері баяндалды. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан машина жасау, химия, ауылшаруашылық саласында бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асырып келеді. Арнайы жол картасы да жасалған. Соның арқасында бауырлас елдер арасындағы сауда айналымы өткен жылы 2 миллиард АҚШ долларынан асып жығылған. Алда бұл көрсеткішті 5 миллиардқа жеткізу межесі тұр. Елбасы Жолдауын өз тілінде оқып шыққан өзбекстандық сарапшылар бағдарлама қоғамды жаңғырту мен қазіргі заманғы экономиканы қалыптастыру, демократиялық дамуды және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейтін реформалық құжат деп атап өтті. Сондай-ақ жиында сөз алғандар «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы Алаш жұртының әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосылуына мүмкіндік беретін бірден-бір бағыт екенін айтты.

Борий Алиханов, ӨР Олий Мажлисінің заң шығарушы палатасы төрағасының орынбасары:

– Қазақстан мемлекетінің Президенті құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 10 басым бағытқа негізделген Жолдауын өзара бөліп қарауға болмайды. Өйткені олар бір-бірін толықтырып, байланыстырып тұр. Шын мәнінде біздің бүгінгі өркениет төртінші индустриалды революцияны бастан кешіруде. Осы тұрғыдан алып қарағанда уақыттың өзі бәрін айқындап көрсетіп тұр. Біз сол революциялық өркениет көшінің легінен қалмауымыз керек. Сондықтан Орталық Азия, оның ішінде Өзбекстан мен Қазақстан бұл бағытта көшбасшы болуы керек.

Ерік Өтембаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Бізде биылғы жылы үлкен серпіліс бар. Бірлесіп жұмыс атқарудың нәтижесінде машина жасау саласын дамыттық. Соның арқасында автомобиль өндірісі артты. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстан мен Өзбекстанның тәжірибесі аталған саланы жетілдіруге сеп болды. Алдымызда транзит әлеуетін арттырудың маңызды міндеттері тұр.

Хабар 24 телеарнасы