387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда құрастырылған көліктер Бейжің қаласының көшелерінде жүйткіп жүр

  • 772
  • UPD: 17:20, 15.02.2018
Қазақстанда құрастырылған көліктер Бейжің қаласының көшелерінде жүйткіп жүр

Өткен жылдың тоғыз айында өскемендік «Азия Авто» Қытайға 988 автомобиль экспорттаған.

Естеріңізге салайық, елімізде жиналатын темір тұлпарларды шығыстағы көршімізге саудалау былтыр қаңтар айында басталды. Қазақстанда жасалған өнімнің сапасы қандай?

Бейжің тұрғыны Ма Шаопин – қалталы кәсіпкер. «Қорғаста» жеке компаниясы бар. Өткен жылы Қазақстанда жасалған автокөліктің Шыңжаңда сатылып жатқанын көріп, бірден қызығады. «Бағасы да жол талғамайтын көлік үшін қымбат емес», – дейді.

Ма Шаопин, кәсіпкер:

- Қазақстанда жасалған көлікті былтыр «Қорғаста» сатып алдым да Бейжіңге дейін өзім жүргізіп келдім. Бұл автокөлік Қазақстан мен Қытайдың арасындағы жан-жақты әріптестіктің бір айғағы, тіпті «Бір белдеу, бір жол» бастамасының символы деп білемін.

Оның сөзінше, қазір Қытай астанасында Қазақстанда құрастырылған осындай 10 шақты «Нива» бар. Әсіресе орта жастағы қытайлар бұл көлікті бағалайды. «Сондықтан елімізбен шекаралас жатқан Шыңжаңға ғана емес, ішкі Қытайға да осы көлікті кіргізу керек», – дейді.

Ма Шаопин, кәсіпкер:

- Бейжіңде көшеде жүрсем, жолда көптеген адам бұл қандай көлік деп таңданыс білдіріп жатады. Оны білетін жұрт бас бармағын көрсетіп мақтап та кетеді. Қытайда «Ниваға» үлкен сұраныс бар деп ойлаймын. 

Ма Шаопин қазақстандық көлікті 100 мың юань (5,3 млн тг) сатып алған. Темірі қалың, қауіпсіз автокөлік үшін бұл баға түк емес деп санайды. Әйгілі «Дакар» жарысын ұйымдастырумен айналысатын қызы да әкесінің бұл таңдауын құп көріпті. Осылайша отандық өнім жолы тақтайдай қытай көшелерінде жүйіткіп жүр.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы