386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында жел электр станциясы салынып жатыр

  • 1073
  • UPD: 14:04, 17.02.2018

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі елімізге көп пайда әкелді.

Шара қарсаңында және одан кейін де ел аймақтарында баламалы қуат көздерін шығаратын жобалар жүзеге асырылды. Сондай энергия үнемдеуші жел электр станциясы Атырау облысында да салынып жатыр.

Қазір құрылысы қарқынды жүріп жатқан жел электр станциясында барлығы 36 қондырғы орнатылатын болады. Өндірістік қуаты – 52 мегаватт. Әзірге жеті бағана орнатылды. Болашақ станцияға орын Каспийдің оңтүстік жағалауынан арнайы таңдалынып алынған. Өйткені бұл арада жыл он екі ай жел соғып тұрады.    

Зұлмұрат Сыдықов, техник-электрик:

- Бұл жерде жел қысы-жазы секундына 8-12 метр жылдамдықпен соғады. Тек желдың бағытын зерттеу үшін 3 жылға жуық зерттеулер жүргіздік. Егер ауа райы қиындық туғызбаса, бірінші кезеңдегі жұмыстарды осы жылдың аяғында дейін бітіреміз. Өте күрделі жоба. Төрт бөлшектен тұратын алып жел генераторының жалпы салмағы 200 тонна, алып қалқанды бағаналардың биіктігі 80 метрге жуықтайды.

Иә, жел – электр станцияның басты қозғаушы күші. Сондықтан құрылыс пен қондырғыларды орнату жұмыстары табиғаттың құбылысына сай жүргізіледі. Дәстүрлі шикізатқа тәуелділіктен құтқаратын экологиялық зиянсыз өндіріс орталығының берері мол.

Жұмабай Қарағаев, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Бұл жоба 2020 жылы аяқталады. 52 мегаваттық станция Атырау облыстық жылу энергетика орталығы өндіріп жатқан бүкіл энергияның 12 пайызын құрайды. Ең бастысы, бұл қоршаған ортаға зиянсыз жасыл экономиканы дамытуға негізделген. 

Қарапайым тілмен айтқанда, 52 мегаватт дегеніміз – шағын бір қаланы электр энергиясымен толық қамтитын қуаты көзі. Жел генераторлары орнатылып, пайдалануға берілгеннен кейін станция облыстың жалпы энергия жүйесіне қосылады. Бұл орталық жылу-электр станциясының қуатын арттырып, қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста қазір баламалы энергия көзін өндіретін тағы 5 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.    

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы