385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына ғимарат қажет

  • 1569
  • UPD: 11:37, 20.02.2018

Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға арналған орталықтың жеке ғимараты жоқ.

Ал ата-аналар тарапынан әлеуметтік орталықтың қызметіне деген сұраныс жоғары. Әзірге арнайы мамандар мен қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Жауапты мемлекттік мекемелер қазір мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Құрманғазы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімдеу, оңалту орталығының жұмыс істеп тұрғанына жарты жуылға жуықтады. Орталықта әртүрлі бағытта тәлім беретін 32 кәсіби маман жұмыс істеп жатыр. Оның бесеуі жоғары санатты дәрігер. Мұнда әр балаға жеке емдеу-сауықтыру, болмаса арнайы жаттығулар жоспары жасақталып, тәлімгерлер сол арқылы баланы бейімдеуге кіріседі. Ал жұмыс нәтижесіне ата-аналар қазірдің өзінде жоғары баға беруде.    

Зүлфия Мұстахова, Құрманғазы ауданының тұрғыны:

- Біз бұл орталыққа ашылғаннан бері келіп жүрміз. Бұрын балам бір орнында отыра алмайтын, тамақты құты арқылы ішетін. Қазір балам өз аяғымен жүреді, тамақтанады. 

Нұржан Бахрединов, денешынықтыру тәлімгері:

- Біздің орталыққа әртүрлі жағдайдағы балалар келеді. Өздігінен жүріп-тұра алмайтындар да бар. Ондай балалардың әрқайсысына жеке күтім керек. Сондықтан әр баламен жеке-жеке жұмыс жүріземіз. Оқу, жаттығу, көңілін көтеру деңгейіне қарай.  

Әлеуметтік орталықтың материалдық-техникалық жағдайы әзірге 20 бала ғана қабылдауға қауқарлы. Ал аудан бойынша сұраныс бірден 40 балаға түскен. Мамандар жеткілікті болғанымен, басты қолбайлау арнайы ғимараттың жоқтығынан болып отыр.  

Әбдірахман Мұса, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі 2237 адам тіркелген. Оның ішінде 232-сі кәмелетке толмағандар. Ал орталықтың нағыз көмегі қажет 40 бала бар. Орталықтың ғимараты шағын болғандықтан, барлық балаға көмек көрсете алмай отырмыз. 

Аудан тұрғындарына аса қажетті әлеуметтік орталықтың ғимараты арнайы жабдықталған, санитарлық және медициналық талаптарға сай болуы тиіс. Сондықтан бұл мәселе қазір облыстық деңгейде қаралып жатыр. 

Балдай Өтеғалиева, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Орталыққа қатысты жағдай біздің жіті бақылауымызда. Қазір бірнеше мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Сенімді басқаруға беру арқылы ғимарат бөлу, мемлекеттік және жекеменшік әріптестік жобасы бойынша немесе бюджет есебінен жаңа ғимарат құрылысын салу мәселесін қарастырып жатырмыз.      

Әлеуметтік орталық мамандарының айтуынша, кішкентай балаларға арналған «инватакси» мәселесі де маңызды болып тұр. Өйткені балалардың көпшілігі ауылдық елді мекендерден қатынайды. Ал мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған ата-аналар үшін бұл әжептәуір салмақ. Облыстық басқарма басшылығының айтуынша, бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін табады. Сонымен қатар сұранысқа ие мұндай әлеуметтік орталықтарды енді барлық аудандарда ашу жоспарланып отыр.   

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов

Хабар 24 телеарнасы