387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде оңалту орталығы салынып жатыр

  • 1408
  • UPD: 22:02, 21.02.2018
Ақтөбеде оңалту орталығы салынып жатыр

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді.

Ақтөбеде ірі компаниялардың қаржылай қолдауымен бірнеше әлеуметтік нысан салынып жатыр. Осы орайда «Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту» амбулаториялық орталығы биыл пайдалануға беріледі. Одан бөлек аутизм диагнозы қойылған балаларды емдейтін орталық ашылады. Сырқат балалар бұрын Астана мен Алматыға немесе көршілес Ресейге барып емделетін. 

Ән айтқанды, сурет салғанды жақсы көретін Ангелинаның арманы көп. Өзі жасаған қолөнер бұйымдарын жақында көрмеге қойыпты. Сабаққа да зерек. Аптасына 4 күн мұғалім үйге келіп тұрады. Анасы Оксананың айтуынша, жүріп-тұруы киын бала жылына бірнеше рет оңалту-сауықтыру шарасынан өтеді. Астанадағы орталықта 6 рет ем алғаннан кейін, аяғын түзу басатын болған. Жағдайы нашарлап кетпеуі үшін жиі емделуі керек.

Оксана Исакова, Ангелинаның анасы:

- Басқа қалаларға жиі бару өте қиын. Емделуге жолдама бергеннің өзінде, жол шығыны бар, уақытша баспана жалдаймыз. Оның бәріне қаржы керек. Ақшамыз жетпей қалған кезде, несие алған уақыт болды. Соңғы кезде Самараға барып ем алып жүрміз. Өзіміздің қаламызда оңалту орталығы ашылса, қуанар едік. Ешқайда бармай, үйден қатынап ем алар едік.

Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі 3000 баланың 800-і балалар церебральды сал ауруына шалдыққандар. 140 балаға аутизм диагнозы қойылған. Олардың көбі басқа қалаларға барып емделеді. «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» аясында салынып жатқан оңалту орталығының батыс аймақта баламасы жоқ. Мұнда сауықтыру шараларының бірнеше түрі болады. Әлеуметтік жоба құны 500 млн теңгеден асады.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

- Церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға жаттығу жасауға, суды пайдаланып, табиғи балшықты пайдалану арқылы оларға ем жасауға барлық мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар аутистер де өте бір өзекті мәселе болып отыр. Биыл осы Ақтөбеде осы қор арқылы аутистерді оңалту емін жасауға арнайы орталық ашылады.

Өткен жылы Ақтөбеде ірі компаниялар мен түрлі қорлардың қаржылай көмегінің арқасында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Мысалы, «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында балалар үйінің 90 түлегі тұрып жатыр. Бұл әлеуметтік үйді салуға жекеменшік қоғамдық қор 1,4 млрд теңге бөлген.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Биыл қалада ең алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша да ашылады. Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың көбі оңалту-сауықтыру шараларына байланысты көп сауал қояды. Биыл қалада балаларды кешенді оңалту орталығы салынып жатыр. Онда балалар үшін бар жағдай жасалады.

Айта кетейік, биылғы жыл Ақтөбеде «Балалар жылы» болып аталады. Яғни балалар үшін бар игілік жасалады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы