376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Өзбекстан ортақ мақта кластерін құрмақшы

  • 1062
  • UPD: 19:38, 23.02.2018

Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп, ортақ мақта кластерін құрмақ ниетте.

Қазір осы бағытта арнайы жоба әзірленіп жатыр. Соның негізінде кооперация жасақталып, ақ алтынды егуден бастап, терең өңдеуге дейін қолға алынады. Бірлескен кәсіпорындар құрылады. Бұл екі ел арасындағы байланысты арттырып, кенжелеп қалған тоқыма саласының дамуына негіз болмақ.

Өзбекстанда ауыл шаруашылығы – экономикалық саланың негізгі қозғаушы күші. Дәмі тіл үйіретін жеміс-жидегі мен жібек матасы елдің брендіне айналған. Жұрттың басым бөлігі мақта егумен айналысады. Диқандардың ала жаздайғы еңбегі елдегі жеңіл өнеркәсіп пен терең өңдеу өндірісінің дамуына негіз болып тұр.

Исроил Ураимов, кәсіпкер:

– Түрлі тоқыма өнімдерін шығарумен айналысамыз. Дайын заттарды Орталық Азия елдеріне жібереміз. Матаны бояп, тігіп, өңдеп шығарамыз. Бізде 550 адам еңбек етеді.

Қазақстан мен Өзбекстан мақта шаруашылығын одан әрі бірлесіп, дамыту мақсатында да арнайы жоба әзірлеп жатыр. Соның негізінде кооперациялық кластер құрылып, ақ алтынды егуден бастап, терең өңдеу қолға алынбақ. Диқандар далада жиған тәжірибесімен бөліседі. Бастама екі ел үшін де тиімді. Өйткені шикізат жергілікті жерде өндірілсе, тауардың өзіндік құны төмен болады. Бұл тоқыма кластерінің дамуына әсер етеді.

Ерік Өтембаев, ҚР Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Тоқыма өндірісі – өңірдегі маңызды салалардың бірі. Бұл салада көршілердің жинақтаған мол тәжірибесі бар. Яғни мақта егуден бастап, одан дайын өнім жасап шығаруға дейінгі аралық қамтылған. Өңдеу өндірісі екі ел өнімдерінің экспорттық әлеуетін артырады.

Стратегиялық серіктес мемлекеттер өзара экспорт пен импорт көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Оны жүзеге асыруға екі ел басшысының кездесуі кезіндегі қол қойылған келісімшарттар негіз болмақ. «Қазір сол инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді мамандар.

Абдусаттор Ахмедов, Әндіжан облысы инвестиция бөлімінің басшысы:

– Әндіжан облысында бүгінгі таңда шетелдік кәсіпкерлердің қаржылай қолдауымен 180 кәсіпорын еңбек етіп жатыр. Бұл жобалар негізінен Қытай, Корея мемлекеті мен Қазақстан және Қырғыз инвесторларының көмегімен жүзеге асып отыр. Әндіжан облысында сонымен бірге жерасты қазба байлықтары да мол. Жұмысшы күші де қалыптасқан. Осының бәрін ескеріп, өңірімізге алыс және жақын шет елдерден инвесторлар келіп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан мемлекетімен 18 миллион доллар көлеміндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы келісімге келдік.

Қазақстаннан көрші ел нарығына трансформатордан бастап, басқа да тұрмыстық өнімдер экспортталып жатыр. Болашақта бұл тізімге фармацевтика мен мақта шаруашылығы, астықты терең өңдеу секілді жаңа бағыттар қосылмақ. «Екі ел арасындағы инвестициялық мүмкіндіктер биылғы жылы өткізілетін аймақаралық ынтымақтастық форумынан кейін тағы артуы мүмкін», – дейді мамандар.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы