389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Банктерге қарыздың өтеуі ретінде жалғыз баспананы алып қоймау ұсынылып отыр

  • 499
  • UPD: 15:06, 26.02.2018

Ол үшін қаржы ұйымының алдында берешегі бар борышкер алған қарызының 50 пайызын төлеуі керек.

Әрі пәтер көлемі отбасындағы бір адамға 18 шаршы метрден аспауы тиіс. Қаржы министрлігі қолданыстағы заңнамаға осындай өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Бүгін бұл мәселе Әділет министрлігінде қаралды. Егер тиісті тұжырымдама қолдау тапса, заң жобасы 2021 жылдан бастап қолданысқа енуі мүмкін.

Айта кетейік, ұлттық банктің 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметінше, еліміздегі жеке тұлғалардың қарызы 3,7 трлн теңгеге жеткен.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрлігі комитет төрағасы орынбасарының м.а.:

- Азаматтардың жалғыз баспанасын өзіне қалдыру мәселесі бойынша Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк арасында келіспеушілік туындады. Ұлттық банк борышкер қарызының өтеуі ретінде оның үйін алып қоюды ұсынып отыр. Әрине, олардың позициясын түсінуге болады. Себебі біз ипотекалық несиелендіруді құлдыратамыз. Бірақ екінші жағынан біз өз азаматтарымызды жалғыз баспанасынан айыра алмаймыз. Заң жобасын әзірлеу барысында бұл мәселе әлі талай талқыға салынады.

Сондай-ақ азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметіне қатысты бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Себебі кейбір аймақта қорларға бөлінген қаражаттың дені депозиттерде сақталып тұр. Яғни жергілікті жерлерде оның мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылмайды. Бұл мәселені шешу үшін Ұлттық экономика министрлігі қорларға өздігінен шешім қабылдайтын құзырет беру керек деп санайды. Ал жұмысты ширату үшін қорлар тікелей агроөнеркәсібі кооперативтерімен келісімге отырады. Қажетті тауарларға алдын ала тапсырыс беріп, кәсіпорындарға қаржыны бірден бөліп береді. Ал керек кезінде тауарды алдын ала бекітілген бағамен алады. Демек өнімдерді қоймада сақтаудың қажеті жоқ. Әрі шіріп кетпейді. Мамандардың айтуынша, бұл тәжірибе өз тиімділігін дәлелдеді. Енді құжат бетінде бекіту керек.

Хабар 24 телеарнасы