377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Дәрі-дәрмекке қатысты 100-ге жуық заңсыз дерек анықталған

  • 964
  • UPD: 21:51, 26.02.2018

Науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстарына сараптама жүргізіліп жатыр.

Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені жауаптылар мемлекеттен берілуі тиіс тегін дәрілерді науқастың атына жазып, бірақ ешқандай препарат бермеген. Бұл туралы «Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және техниканы сараптау Ұлттық орталығы» бас директорының орынбасары мәлім етті. Арнұр Нұртаевтың айтуынша, қазіргі таңда осындай 100-ге жуық дерек анықталған.

Батыс Қазақстан облысында онкологиялық науқастар ауруына ем таппай ентігіп жүр. Өйткені 3 айдан бері тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектен хабар жоқ. Арнайы препараттар тек онкологиялық диспансер мен емханаларда шектеулі мөлшерде ғана беріледі. Нақтырақ айтқанда, сүт безінің қатерлі ісігіне шипасы бар аксастрол жетіспейді. Ревматоидты артритпен ауырғандар да дәрісіз қалған. Науқастар қажетті препаратты өз ақшасына сатып алуға дайын. Алайда ауадай қажет ақ түйіршіктер дәріханадан да табылмай отыр.

Андрей Спиридонов, Орал қаласының тұрғыны:

– Қатерлі ісікке шалдыққандарға дәрі жетпейді. Онкологиялық аурухана да тауып беруге тырысып жатыр, бірақ азғантай мөлшерде ғана береді. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Денсаулық сақтау басқармасы да нақты жауап бере алмай отыр. Бүгін дәріханаға тағы қоңырау шалдым. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.

Гүлнәр Әбдірахманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бізде ревматоидты артритті емдеуге қолданылатын метотрексат препараты мен онкологиялық сырқаттарға керекті аксастрол дәрісі болмай жатыр. Дәрі-дәрмек келіп түскен бойда, дәріханалардан медициналық мекемелерге хабарланады. Жақын арада келеді деп күтіп отырмыз.

Дәрі тапшылығы тек Оралда ғана емес, өзге де өңірлерде сезіледі. Әсіресе, эпилепсияға, сал ауруына шалдыққан бөбектер әуре сарсаңға түсіп дал. Сондай-ақ қант диабетімен ауыратын науқастардың жағдайы да мүшкіл.

Ал Астанада баспасөз мәслихатын өткізген «СК- Фармация» өкілдері биыл дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды деп сендіріп отыр. Өйткені тиісті препаратты жеткізуге жауапты мекеме 152 миллиард теңгеге дәрі-дәрмектің 1037 түрін сатып алған. Бұл медициналық ұйымдар қажеттілігінің 88 пайызын құрайды. Биылғы сатып алу кезінде 17 млрд теңге үнемделгені де белгілі болды. Мамандар бұл қаржыны қосымша дәрі сатып алуға жұмсамақ.

Гүлнәр Омарова, «СК Фармация» ЖШС атқарушы директоры, басқарма мүшесі:

– Бұл жерде ауруы енді анықталған науқастарға қатысты мәселе бар. Қазір біз денсаулық сақтау басқармасының қаражат бөлуін күтіп отырмыз. Олар алдымен Денсаулық сақтау министрлігімен бөлінуі тиіс қаржыны келіседі. Толық курсқа өтініш берілген жағдайда ғана қажетті апаратты «Медроник» компаниясы тегін жеткізеді. Сондықтан бірінші кезекте Денсаулық сақтау басқармасы жаңадан түскен науқас балалардың санын анықтап, апараттың істен шыққан бөлшектерін есептеуі керек.

Мамандар жылда тегін дәрі-дәрмекке қатысты дау-дамайлардан мезі болса керек. Биылдан бастап қыстың қамына жазда кірісуді жоспарлап отыр. Яғни шілдеде сатып алу жұмыстары қолға алынып, жыл соңына дейін өңірлер тиісті дәрі-дәрмекпен қамтылатын болады.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы