383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұр Отан» партиясы әлеуметтік сала мен кәсіпкерлікке қолдауды арттырады

  • 556
  • UPD: 21:27, 27.02.2018
«Нұр Отан» партиясы әлеуметтік сала мен кәсіпкерлікке қолдауды арттырады

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматыда бірқатар әлеуметтік нысанда болды.

Партияның қалалық активімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, жастардың инновациялық жобаларымен танысты.

Қаладағы ой-өрісінің дамуы тежелген балаларға арналған орталық  партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ашылған. Мұнда 30 бала күндізгі емдеу бөлімінде арнайы әлеуметтік қызметтерді тегін алады. Партия атынан орталыққа «Дэльфа» логопедті жаттығу құралы тарту етілді. «Оның көмегімен кейбір балаларда кездесетін ойлау және сөйлеу кемшілігін оңтайлы шешуге мүмкіндік болады», – дейді дәрігерлер. 

Райхан Әшімова, қала тұрғыны:

- Көңіл-күйі көтерілді. Баламыз өзіне-өзі қызмет көрсетеді. Үш айда нәтижелерін көрсетіп келе жатыр. Сондықтан әр ауданнан ашылса қуанышты болар едік.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев алматылық кәсіпкерлермен кездесіп, шағын және орта бизнесті дамытуда кездесетін кедергілерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүгінгі бизнестегі ең үлкен мәселе – несиелердің, қаржылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Сондықтан бұл мәселеде үлкен сұрақтардың бар екенін білеміз. Осы сұрақтарды шешуге «Нұр Отан» партиясы да жұмыс істейтін болады. Партияны жаңғырту саясатының аясында шағын және орта бизнесті қолдауға біз басымдық беретін боламыз.

Алматыда «Смарт поинт» инновациялық ойларды іске асыру орталығы жұмыс істейді. Жыл сайын ол өнертапқыш жастардың тың ұсыныстарымен толығып жатыр. Мысалы, білімді жастардың белсенділігі арқасында соңғы үш жылда жоғары технологиялық бионикалық протездің 5 үлгісі жасалған. Жалпы елімізде 14 мың адам осындай протезге зәру. «Мұндай жобалардың іске асуына «Нұр Отан» партиясының білім гранттары көп көмектеседі», – дейді жастар.   

Мәулен Бектұрғанов, бионикалық протез жасаушы:

- Менің  кәсіпкерлікпен айналысатын жолдастарым бар. Алайда оларға қаржылай қолдау жетіспейді. Соңғы кезде жастардың бизнес бастамаларын жүзеге асыруға осындай қолдау жасалып жатқаны қуанышты.

Ал партияның қалалық активінде Елбасының партия қызметін жандандыру және оны жүзеге асырудың басым бағыттары талқыланды.  

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы