389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісудағы медицина мекемелерінде ашық есік күні өтті

  • 769
  • UPD: 09:52, 01.03.2018

Алматы облысындағы медицина мекемелері Алғыс айту күніне орай ашық есік күнін өткізді.

Бұл шараға мемлекеттік мекемелермен қатар жекелеген емханалар да атсалысып жатыр. Солардың бірін талдықорғандық белгілі кардиолог дәрігер Владимир Антонович Крайсман басқарады. Оның ата-анасы сталиндік нәубет жылдарында Еділ бойынан итжеккенге айдалыпты. Заман тыныштала бастағанда Сібірден Талдықорғанға қоныс аударған. Медицина ғылымдарының кандидаты бүгінде халыққа сапалы қызмет көрсету ісіне барынша атсалысып келеді.

Әріптестері Владимир Антонович Крайсманды өз ісін жетік білетін мықты маман деп есептейді. Оның клиникасына жүрегі ауыратын науқастар көптеп келеді. «Оларға көмектесу, елге адал қызмет ету – менің өмірлік ұстанымым. Өткен ғасырдың 30-жылдарында ата-анам осында көшіп келіп, тұрақтап қалды. Содан бері Қазақстан менің Отаныма айналды», – дейді  ол.

Владимир  Крайсман, емхана директоры:

- Қазақ – өте қонақжай халық. Сонау бір аумалы-төкпелі, қиын-қыстау кезеңде тағдырдың тәлкегіне ұшырап, туған отанынан өзге елдерге жер аударылған түрлі ұлт пен ұлыстардың бәрін бауырына баса білді. Біз сол үшін сіздерге мәңгі қарыздармыз.

Қыздары Мария мен Анна Крайсман әке жолын қуыпты. Екеуі де осы жеке клиникада еңбек етіп жүр. Медицина – аясы кең, өте ауқымды ғылым. Соның ішінде кардиологияны таңдаған қос бойжеткен бүгінде білікті дәрігер болып қалыптасқан. 

Мария Крайсман, кардиолог:

- Алдымызға қандай да бір мақсат қойсақ, соған жеткенше тыныш таппайтын жандармыз. Әр науқастың тілін тауып, оларға сапалы медициналық қызмет көрсетуге барынша тырысып келеміз. Бұл істе, әрине, бізге ата-анамыз үлгі бола білді.

Еліміз тәуелсіздік алған жылы құрылған Крайсмандардың отбасылық клиникасы бұл күнде Талдықорғандағы беделді медицина мекемелерінің бірі. Сондықтан науқастар облыс орталығымен қоса, шалғай ауылдардан да үнемі ағылып келіп жатады. Мұнда олардың стационарлық ем қабылдауына барлық жағдай жасалған.

Владимир  Крайсман, емхана директоры:

- Жетісудай қасиет дарып, құт қонған киелі жерде өмір сүріп жатқан мен өте бақытты жанмын. Барлық күш-жігерімді, қажыр-қайратымды медициналық қызмет сапасын арттыруға жұмсаймын. Алғыс айту күні құтты болсын!

Владимир Крайсман депортация жылдарындағы зорлық-зомбылық пен сол бір зобалаң шақты шежіредей шертетін қазыналы қарттардың біріне айналған. Өткен ғасырдың орта тұсында түсірілген ескі суреттерді көзінің қарашығындай сақтап келеді. Ол өткенді ұмытпауға, ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны ұлықтауға үйретеді. «Біз Гиппократқа берген антымыздан аттамай, барша қазақстандықтарға адал қызмет етуге тырысамыз», – дейді білікті дәрігер.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы