376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Алғыс айту күніне арналған салтанатты шара басталды

  • 863
  • UPD: 22:10, 01.03.2018

Бақ пен тақ таласқанға емес, ауызбіршілігі жарасқанға бұйырады.

Жарасымдылық пен жасампаздық салтанат құрған елімізде Алғыс айту күні тойланды. Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен салтанатты шара өтті. Осылайша осыдан 2 жыл бұрын Президент жарлығымен белгіленген 1 наурыз Алғыс айту күні Қазақстан халқының бірлігін бекемдей түсті.

Бұл мерекелік шара – Қазақстанға қоныс аударып, ұлы дала топырағын мекен еткен сан түрлі этнос өкілінің алғаусыз алғысын байқатты. Сахнада орындалған әрбір ән мен шығармашылық туындыдан қазақ халқына деген шексіз құрметтің ерекше лебі сезілді.

Тектілігімен дараланып, береке-бірлігімен баурап алатын қадір-қасиет қазақ халқына ғана тән дерсіз. Өзге ұлт өкілдері тарапынан жиі айтылатын пікір бұл. Ұлттық бітім-болмысымызға берілген жоғары баға Президент жарлығымен 1 наурыздың Алғыс айту күні болып белгіленуі арқылы еселене түсті. Салтанатты шарада Елбасының құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып беріп, айтулы мерекенің мән-маңызын айшықтады.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

– 2016 жылы Елбасының жарлығымен Алғыс айту күні белгіленді. Осы күн үшінші рет аталып өтіп жатыр. Осы күні ассамблеяның ұсынысымен жақсы дәстүр пайда болды. Ол – белгілі акцияны бастау. Бүгін де бір жақсы акция дүниеге келді. Ассамблеяның ұсынысымен «Қайырымды көршіге рақмет» деген акция басталады.

Өткен ғасырдың орта шеніне дейін елімізге, яғни қуғын-сүргін кезінде 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілі және Шығыстағы 19 мың корей отбасы көшіп келді. Олардың бүгінгі ұрпағы тәуелсіз мемлекетте бір тудың астына бірігіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп жүр.

Леонид Прокопенко, ҚХА Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі:

– Бұл мереке арқылы көңілге ерекше жылылық ұялайды. Біз өткенімізді еске түсіріп, Қазақстан халқын біріктіретін қиын-қыстау кезеңдерді көз алдымызға елестетеміз. Босып жүрген түрлі этнос өкілдерін өз бауырына басқан қазақ халқының дархандығын тағы бір мәрте паш етеміз.

Бүгінгі датаның Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні екенін айрықша атап өткен жөн. Бұл құрылым қазақ халқының өзге жұртты ешқашан өзектен теппей, кеңқұшақ құрмет көрсетуінің айрықша белгісі іспетті.

Роза Пак, қалалық корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Менің анам 1937 жылы Талдықорғанның Үштөбе қаласына депортацияланды. Ол бізді үнемі мейірімділікке, бауырмалдыққа тәрбиеледі. Қазақ халқына шексіз алғыс айту керектігін ұғындырды. Міне, 80 жылдан бері осы қасиетті өлкеде өмір сүріп келеміз.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Менің ұлтым орыс болғанымен, өзім қазақ отбасында тәрбиеленгенмін. Сондықтан да ұлтым орыс болса да, әр жерде айтатын бір хештегім бар. Сыртым сары орыс болғанымен, іштей жүрегім қазақ.

Айтулы дата еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтті. 4 мыңға жуық шараға 2 жарым миллион адам қатысып, бір-біріне деген пәк пейілдерін, ақ ниеттерін ақтарды. Үшінші жыл қатарынан тойланып жатқан алғыс айту мерекесі – ізгі істердің бастауы. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен бұл жолы «Қайырымды көршіге рақмет» акциясы қолға алынды. Осы шара барысында қолы ашық, жүрегі жомарт жандар көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетпек.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы