377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда цифрлы технологиямен шағын аудан жобасы жасалды

  • 526
  • UPD: 12:02, 02.03.2018

Оралда цифрландыру технологиясының көмегімен тұтас бір шағын ауданның жобасы жасақталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын «Ақжайық» атты жаңа аудан келешекте 50 мыңға жуық тұрғынға қоныс болмақ. Орал-Саратов жолының бойында орналасатын қалашықтың құрылысына бюджет және инвесторлар қаржысы тартылады.

Мысалы, объектілерді іздеу керек болса осы бағдарлама арқылы таба аламыз. Мысалы объектінің типі: «Білім беру ғимараттары». Таңдар болсақ, мысалы, «балабақша.»  45-балабақшаны міне, бізге тауып беріп отыр, мысалға келтірер болсақ. 

Бұл алдағы он жылдықтың көлемінде салынуы тиіс су жаңа шағынауданның кескіні. Дәлірек айтсақ, цифрландыру технологиясымен жасақталған 3D форматтағы жобасы. Мұнда әр көше мен әрбір нысанның қандай пішінде және қай жерде орналасатыны тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.  

Алтынбек Қайсағалиев,  қала әкімінің орынбасары:

- Цифрлық Қазақстан бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаға орай біз жаңа шағынауданның құрылысын 3D форматта жобалумен бастадық. Үйдің құрылысы, фундаменті, төбесі жабынына дейін 3D форматта көре аламыз. Алдағы уақытта салынатын барлық үйлердің жобалары осы бағдарламаға енгізіліп отырады. Биыл мысалы 10 үй салсақ, сол 10 үйдің жобасы толықтай жылдан жылға, айдан айға толықтырылып отырады. 

Жаңа шағын ауданда 150 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді. Әлеуметтік нысандар салынады. Әрбір аула бейнебақылау камераларымен қамтылады. Тағы бір ерекшелік – мұнда велосипедшілердің жолы да ұмыт қалмайды. Мәншүк Мәметова көшесімен Шаған өзеніне тірелетін тұстан жаңа көпір салынады. 

Көпірдің көмегімен тұрғындар жаңа шағынауданға 5 минутта жете алады. Жобалау жұмыстары биыл аяқталады. Келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде инженерлік желілерді тартуға «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Мердігерлер күн  жылынған бойда жұмысты бастап кетеміз, деп отыр. 

Ольга Попова, мердігер компания басшысы:

- Біз су құбыры желілерін тартатын боламыз. Жалпы ұзындығы 20 шақырымдай. Бұл мақсатқа 80 миллион теңге бөлінді, биыл соның 80 пайызын игереміз. Әрине, жаңа шағын аудан бой көтергені өте құптарлық іс. Жаңадан құрылыс алаңдары пайда болады. Адамдар жұмыспен қамтылады. Біз де құрылыс жұмыстарына 100 шақты жергілікті тұрғынды тартатын боламыз.   

Өңір басшысының есептік жиынында «Смарт сити» тұжырымдамасы аясындағы 30 озық жобаның бастылары таныстырылған болатын. Солардың дені келешекте қала өмірінен көрініс табады. Мәселен, құрылыс саласында 3D-жобалауды кеңінен қолдану ғимараттың беріктігін қамтамасыз етеді әрі технологиялық қателіктерді болдырмайды. Өйткені келешек нысанның кескін-көлемі қағаз жүзінде емес, экранда анық көрініп тұрады. Ал болашақта салынатын құрылыстардың барлығы цифрлық форматта жобаланады дейді мамандар.  

Автрлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы