377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ОҚО-да денсаулық сақтау мекемелерін цифрландыру қарқын алды

  • 660
  • UPD: 23:41, 03.03.2018

Оңтүстік Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау мекемелерін цифрландыру үрдісі қарқын алып келеді. Аймақта кешенді медициналық «Даму» ақпараттық жүйесін енгізу қолға алынған. Осы жылдың екінші жарты жылдығына дейін онымен барлық медицина мекемелері толық қамтылмақ.

Бүгінгі күнге өңірдегі медициналық мекемелердің ақпараттандырылуы 63 пайызды құрайды. Үйде отырып, интернет арқылы дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Бірақ, әзірге барлық медициналық мекемеде емес. Равшан Замиров алыс ауданнан келіп, ем қабылдай бастапты. 

Равшан Замиров, науқас:

- Қазір әлдеқайда жеңіл болып қалды. Бұрын 200 шақырымнан келіп, доктордың қабылдауға жазылатынмын. Кезек алған соң кері қайтатын едім. Бұл жолы дәрігердің бос уақытына үйде отырып жазылдым. 

Науқастың уақыты үнемделеді. Бұл кешенді медициналық ақпараттық жүйенің бір тиімділігі. Сосын, дәргер де, науқас та қағазбастылықтан арылады. Енді әрбір азаматтың жеке электронды денсаулық паспорты болады. Бүгінгідей қалың кітапша көтеріп жүрмейсіз. 

Еркін Нұрлыханов, облыстық клиникалық аурухананың емхана меңгерушісі:

- Жыл сайынғы жиналған анализдердің қағаздары, қорытынды ана дәрігерге барғаны, мына дәрігерге барғаны бар. Оны жоғалтып алмайын деп парақтап, том-том қылып жинап жүргені болмас үшін осы жүйе енгізіліп жатыр. 

Бар ақпарат ортақ серверде сақталады. Алдағы уақытта рентген суреті мен компьютерлік тамографияның пленкасы да тіке науқастың өз парақшасына түсетін болады. Ол үшін барлық медициналық мекемелерді компьтермен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 1,9 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. 

Мұхан Егізбаев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда 7,5 мың дана компьютер сатып алынып, облыс бойынша ауылдық емхана, медициналық тіректердің барлығы 100 пайыз компьтермен қамтамасыз етіліп, бізде ақпараттандыру жүйесі толығымен орындалатын болады. 

Тұрғындары тығыз орналасқан оңтүстік өңірде емханада кезек күтпеу бұл үлкен әлеуметтік мәселенің шешілгені.

Авторлары: Әбдез Рахманұлы, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы