388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында құралайды көзге атқан мерген қыздар анықталды

  • 881
  • UPD: 17:45, 07.03.2018

Ақтауда Халықаралық әйелдер мерекесіне орай полицей қыз-келіншектердің арасында оқ атудан сайыс өтті.

Қоғамның қауіпсіздігі мен ел тыныштығын қамтамасыз етуде ерлермен теңдей тер төгіп жүрген нәзік жандылар қандай тәуекелге де дайын екендіктерін дәлелдеді.

Аға анықтаушы Баян Бейсенбайқызы – сырт көзге нәзік көрінгенімен, ер мінезді батыл әрі қайсар қыз. Қаруын оқтап, атуға дайындалған ол көзді ашып-жұмғанша, көздеген нысанаға дәл тигізді. 6 жылдан бері қылмыстық істерді анықтап, оқиға орнына бірінші болып жететін ол оқ атуды жақсы меңгерген.

Баян Кашиева, облыстық ІІД аға анықтаушысы:

– Бірінші қауіпсіздік шарасын сақтау керек, содан кейін нысанаға қарап, көздеп, шүріппені жайлап басу қажет. Одан басқа ешқандай құпия жоқ.

«Мерген қыздар» байқауына облыстық ішкі істер департаментіне қарасты барлық бөлімшелерден 26 қызметкер қатысты. Олар алдымен тапаншамен нысана көздеуден сайысты. Ал тактикалық жаттығуда қатысушының жылдамдығы есепке алынды. Қыздардың қолына қару алуы – үйреншікті жағдай. Олар айына екі мәрте Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан оқ атуға машықтанады.

Ермахан Аққозиев, облыстық ІІД арнайы даярлық басқармасының басшысы:

– Мен бір жылдай ату даярлығы сабағынан беріп жүрмін. Менің ойымша, әйелдер тез үйренеді. Өйткені олардың саусақтары басу шүріппесін тез сезеді. Ату және нысанаға тигізу – ең бастапқы міндет.

Ептілік, төзімділік, дәлдік пен батылдық. Полицей арулардың бойында мұндай қасиеттер болмаса, қылмыскерлермен күресе алмас еді. Бүгінгі сайыста олар кез келген қиын жағдайда өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға дайын екендіктерін тағы бір дәлелдеді. Сайыс нәтижесінде арнайы даярлық басқармасының арулары бас жүлдеге ие болды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы