383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде сүңгуір әйел ерлермен қатар адамдардың өмірін құтқарып жүр

  • 517
  • UPD: 09:06, 08.03.2018

Ақтөбедегі судан құтқару жасағында сүңгуір қыз жұмыс істейді. Сирек мамандық иесі кезінде журналист болған. Элона Медведева 10 ер азаматтың арасындағы жалғыз қыз. Қиындықтан қорықпайтын қайсар жан талай құтқару шараларына қатысып, зардап шеккендерге қол ұшын созды.

Батыс аймаққа көктем кеш келеді. Наурыз айы болса да ауа температурасы минус 20-дан түспей тұр. Өзен-көлдердегі мұздың қалыңдығы әлі 50-60 см. Қыстың көзі қырауда су астына түсу сүңгуір қыз Элона үшін түк емес. Ол басында төтенше жағдай департаментінде баспасөз хатшысы болып қызмет атқарды. Жұмыстың қызығы мен қиындығын көре жүріп, кейін құтқарушы мамандығына ауысады. 3 жылдың ішінде тәжірбиелі сүңгуір-құтқарушы болды.

Элона Медведева, сүңгуір-құтқарушы:

- Су астына сүңгу қиын емес, әрі су қатты салқын емес. Біздің акваланг сапалы, барлық қажетті жабдықтар бар. Ер адамдармен қатар қызмет етуге тырысып жүрмін. Иығыма ілген қондырғының салмағы 30 келіге жуық. Бұл бір жағынан денені шынықтыру ғой, жаз мезгіліне арықтаймын деп әуре болмайсың.

Судан құтқарушылардың жұмысы көктем-жаз мезгілінде қызады. Су тасқыны кезінде суға кеткен жерлерге алғашқы болып жететін де осы қызмет.

Былтыр көктемгі төтенше жағдайда Элона мен әріптестері күндіз-түні жұмыс істеді. Сол кезде 600-ден астам саяжай үйі суға кетіп, 81 баспана тұруға жарамай қалған еді. 1500 адам қауіпсіз жерлерге көшіріліп, 800 адам уақытша қабылдау пункттерін паналады. Құтқару қызметі қазір де қызу дайындалып жатыр.

Санат Рейсов, Э. Медведеваның әріптесі:

- Әрине енді әйел адам болған соң қазақ қашанда әйел адамды сыйлаған халықпыз ғой. Сондықтан әйел адамдарды ондай қатты ауыр жұмысқа апармай, өзіміз бара береміз. Жағажайларды тексеру жағынан, ондай кездерде суға түсіреміз, ондай кезде бізбен бірге жұмыс атқарады. Ол ешқашан бас тартпайды, айтсаң бара береді.

Жаңа ғана оқу-жаттығу шараларына қатысып, су астына түскен Элона үйде қамқор ана, адал жар. Жолдасы да құтқарушы болып қызмет етеді. Қазір шалғайдағы ауданға іс сапармен кеткен. Элонаның ұлы Илья да болашақта осы мамандықты таңдаймын дейді. Биыл мектеп табалдырығын аттаған бала сабаққа өте зерек. Аналар күніне арнаған тақпағын жаттап алған.

Жалпы облыстың судан құтқару қызметінде 45 құтқарушы болса, олардың тек он екісі ғана кәсіби сүңгуір. Өткен жылы өңірде 86 адам судан құтқарылса, 18 адам суға кетіп, қайтыс болған.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы