389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада ғасырмен құрдас аналарға құрмет көрсетілді

  • 673
  • UPD: 23:27, 08.03.2018
Қызылордада ғасырмен құрдас аналарға құрмет көрсетілді

Қызылорда қаласында жасы 100-ден асқан 2 әжей тұрады.

Мерекеге орай ғасыр жасаған әжелер мен өңірдегі 3 жарым мыңдай батыр ана құрметке бөленді. Әсіресе өрендер ісі қуантты. Сырбойылық жастар жалғызбасты аналардың үйіне барып ауласын тазалап, шаруасына болысты.

Қалалық жастар ресурстық орталығының мүшелері бүгін қарсы жолыққан әрбір нәзік жандыға гүл ұсынып, ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар «Қала тазалығы» коммуналдық мекемесінде еңбек ететін аналарға да тосынсый жасады.

Жастар олардың қолындағы күрек пен сыпырғыштың орнына гүл сыйлап, белгіленген аумақты тазалау жұмыстарын өздері атқарды. Шаңырақта шуақ, елге қуат болған әйел-аналар өскелең ұрпақтың игі ісіне сүйсініп, алғыстарын жаудырды. Игілікті шараға үн қосқан «Нұр Отан» партиясының өкілдері қазыналы қариялардың ғұмыр-дариясымен танысып, мерекемен құттықтай барды. 100-көктемін қарсы алған Зүлфия Дәулетова әр түйір дәнді қастерлеу керектігін айтады. Сұрапыл жылдары талғажусыз тылда тер төккен қарт бүгінгі бейбіт заманға байырқалы бірлік тіледі.

Зүлфия Дәулетова, тыл арадагері:

- Кетпен шаптық, шалғы да шаптық. Бір түйір нанға да зар болған күніміз болды. Отан тыныштығын беріп, бейбітшілігін беріп, халық тоқ болып, уайым-қайғы жоқ болып, осы қадам сайын келіп, хабар алып тұрғандарыңның өзі үлкен ғанибет, қалқам.

Бұл күні сондай-ақ даналығымен дараланып, іскерлігімен танылған қыз-келіншектер де марапат төрінен көрінді. Сыр елінің әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген нәзікжандылардың еңбегі кеңінен насихатталды. Әсіресе Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан Жанат Садықұлқызының қайраткерлігі ерекше атап өтілді.

Ана ақылшы, тәрбиеші, үйдің ырыс-берекесі ғана емес, ол – ел мен елді елдестіруші, араздықты бітістіруші, дәнекерлеуші. Сондықтан ұлтымыздың ұлы істерінің қайнар бастауында іскер әрі ержүрек әйел-қайраткерлердің еңбегі тұр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы