384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтау теңіз портында кран жүргізетін жалғыз әйел жұмыс істейді

  • 601
  • UPD: 12:05, 10.03.2018

Лилия Романенконың алып техниканы басқарғанына 25 жыл болды.

Өткен жылы ол әріптестерінің арасында еңбекқорлығымен ерекшеленіп, «Үздік маман» атанған. Теңіз портындағы ер жігіттер оның төзімділігі мен қайсарлығына, табандылығы мен жүректілігіне қайран қалады.

Лилия бала күнінде стюардесса болуды көксейді. Көкке ұмтылған бала арманы оны биік техниканы басқаруға алып келді. Лилия Романенко алып техниканы алғаш рет 18 жасында тізгіндеген. Міне, содан бері 25 жыл өтті, теңіз порты арқылы жөнелтілетін барлық тауарды кемелерге тиеп, ел экономикасының дамуына өзінің үлесін қосып келеді.

«Мұнаралы кранға қарағанда порт кранын басқару анағұрлым ауыр», – дейді Лилия. Алайда ол өз жұмысынан ләззат алатынын айтады. Ер мінезді қайсар қыздың жүрегі нәзік. Ол жұмысқа бояусыз келген емес. Үнемі жарқырап, ұжымның ажарын ашып жүреді.

Лилия Романенко, порт кранының машинисі:

- Менің қайда жұмыс істейтінімді естігендердің барлығы таңқалады. «Ер адамның жұмысы емес пе? Ауыр ғой, еркек болып кетерсің!» деп жатады. Алайда маған кран жүргізушісінен артық кәсіп жоқ. Мен қайта кіл жігіттердің ортасында өзімді жайқалған гүлдей сезінемін.

Лилия әріптестерінің арасында өте сыйлы. Ол еңбекқорлығымен де айналасын мойындатқан жан. Ер азаматтарға қарағанда берілген тапсырманы артығымен орындайды. Тәулігіне 2 мың тоннаға дейін жүк тиейді.

Бақытжан Мақсатұлы, жүк тиеуші:

- Біздің Лилия – теңіз портындағы ең үздік маман. Ол жұмыстан бір күн де қалып көрген емес. 25 жыл ішінде Лилияның ауысымында бірде-бір келеңсіз жағдай тіркелмепті. Бұл оның жұмысына деген шынайы махаббатын, жауапкершілігін білдірсе керек.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы