384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Бас прокуратурасы: «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы экстремистік деп танылды

  • 1834
  • UPD: 22:44, 13.03.2018

Бүгіннен бастап Әбілязов жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы экстремистік ұйым деп танылады.

Енді ел аумағында оның қызметіне тыйым салынды.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының мүшелеріне қатысты еліміздің 5 облысында тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр. Бірнеше қылмыстық іс қозғалған. «Басты мақсат – оларды жазалау емес, райынан қайтару», – дейді прокуратура өкілдері.

Ерлан Абаев, ҚР Бас прокуратурасының Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы:

– ҚР Қылмыстық кодексінде экстремистік әрекет үшін қарастырылған баптар туралы баса айтқым келеді. 258-бап экстремистік ұйымды қаржыландырғаны үшін жазаны қарастырады. 182-бабы бойынша экстремистік топты құру, оған жетекшілік ету, қатысуға қатысты жаза белгіленген. Қылмыстық жауапкершілік бойынша 2-17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл жерде айта кетерлігі, қатысушылар тыйым салынған ұйымның ісіне қатысып қоймай, өзге де әрекетті жүзеге асырғаны, мәселен, көлікпен қамтамасыз ету, әлеуметтік желілерге посттар мен пікірлер жазғаны үшін де жазаланады.

Енді «ҚДТ» қозғалысының неліктен экстремистік деп танылғанын түсінідіріп өтейік. Прокурорлардың айтуынша, Әбілязов саяси экстремизмге жол берген. Өзі жетекшілік ететін қозғалыстың атынан белсенді түрде әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізіп келеді. Адамдарды қатарына қосылуға шақырады. Қазіргі биліктің жайсыз бейнесін қалыптастырып, жұртты оларға қарсы қояды. Осы күнге дейін оның әрекеттерін сырттай бақылап келген прокурорлар сотқа арыз беріп, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын экстремистік ұйым деп тануды өтінді.

Оксана Лоскутова, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

– Наразылық акцияларының бейбітшілігі туралы айтса да, қозғалыс басшысы М. Әбілязов пен оның белсенділерінің қылмыстық мақсаты билікті құлатып, басып алу болып табылады. Бұл әрекеттер экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заң бойынша саяси экстремизм болып саналады. Әрі мемлекетке қарсы қимыл ретінде қудаланады. Осыған байланысты Бас прокуратура заңында көзделген өкілеттіктерін іске асырып, сотқа қозғалысты экстремистік ұйым деп тану туралы арызбен жүгінді. Бүгін Астана қаласы Есіл аудандық сотының шешімімен аталған арыз толық қанағаттандырылды.

Бас прокуратура әлеуметтік желідегі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымына қатысты аккаунттарды жоюға кеңес береді. Ал ұйымның қызметін насихаттаған кез келген пікір экстремистік ұйымды қолдау болып саналатынын атап өтті.

Авторлары: Жамбыл Зейнолла, Жандос Битабаров, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы