382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісудағы қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жараланған жауынгер есін жиды

  • 470
  • UPD: 21:31, 20.03.2018
Жетісудағы қатаң режимдегі түзеу мекемесінде жараланған жауынгер есін жиды

Алматы облысының Заречный елді мекеніндегі қатаң режимдегі тәртіппен түзеу мекемесінде өз-өзіне оқ атқан қатардағы жауынгер Алматы облыстық көпсалалы ауруханасына ауыстырылды.

Басына оқ тиген Ұлттық ұланның сарбазына Қапшағай қалалық ауруханасында 6 сағат бойы операция жасалды. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін барын салды. Соның арқасында әскер қатарына 2017 жылдың күзінде Шығыс Қазақстан облысынан шақырылған Ертуған Омарханов екі күннен кейін есін жиды. Аталған оқиға ол сақшылық қызметін атқарған түні болған. Дәрігерлер «Қазір оның жағдайы бірқалыпты. Өміріне төнген қауіп сейілді» десе, ұлттық ұландағылар оқтың абайсызда атылғанын және жарақат алған жауынгерге заңға сәйкес материалдық көмек көрсетілетінін айтады.

Бағылан Қалдыбек, 7552 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар бөлімінің басшысы:

- Қатардағы жауынгер Омарханов Ертуған Ержанұлы өзіне бекітілген қарумен өзін-өзі жарақаттап алды. Осы деректер бойынша қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалды, тергеу істері жүріп жатыр.

Айман Рақышева, Қапшағай қалалық ауруханасының директоры:

- Ол бізге өте ауыр халде келіп түсті. Операцияға өз хирургтарымызбен қоса облыстық ауруханадан да мамандар шақырылды. Дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің арқасында жауынгер аман қалды. Алматы облыстық көпсалалы ауруханасы жабдықталуы тұрғысынан үшінші деңгейдегі заманға сай денсаулық сақтау мекемесі болып саналады. Біздікі бірінші деңгейлі. Науқас Алматыға сол себепті ауыстырылып отыр.

Хабар 24 телеарнасы